Лавров Украинаны Путиннің резиденциясына шабуылдады деп айыптады

Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров

Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров 29 желтоқсанға қараған түні украин дрондары Новгород облысындағы президент Владимир Путиннің резиденциясына шабуыл жасауға талпынды деп мәлімдеді. Оның дерегінше, резиденцияға шабуылға барлығы 91 дрон қолданылған. Лавров зардап шеккендер мен залал келгені туралы мәлімет түспегенін айтты.

"Ресей қарулы күштері қарымта қайтаратын нысандар мен уақыты айқындалды", – деді Лавров. Сонымен қатар ол Ресейдің АҚШ-пен келіссөз процесінен шығу жоспары жоғын, алайда келіссөзге байланысты ұстанымы қайта қаралатынын айтты.

Украина президенті Владимир Зеленский Лавровтың мәлімдемесін "кезекті өтірік" деп атады. Оның пікірінше, Ресей осылайша келіссөз процесіне кедергі келтіруге тырысып, сонымен бірге Киевтегі үкімет ғимараттарына шабуыл жасауға сылтау дайындап жатыр.

Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Путиннің АҚШ президенті Дональд Трамппен тағы да телефонмен сөйлескенін, екеуара әңгіме барысында Новгород облысындағы резиденцияға жасалған шабуылды талқылағанын хабарлады. Ушаков бұл шабуыл Трампты тіксінтіп, ашуына тиген деді. Ал Путин шабуыл жауапсыз қалмайтынын және Украинамен келіссөзге қатысты ұстанымын қайта қарайтынын мәлімдеген.

Ушаковтың сөзінше, Трамп "Құдайға шүкір, біз Зеленскийге "Томагавк" зымырандарын бермеппіз" деген.

Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова "Владимир Путиннің резиденциясына Украинаның жасаған шабуылына Ресейдің жауабы дипломатиялық сипатта болмайды" деп мәлімдеді.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт X әлеуметтік желісінде Трамптың Путинмен Украина мәселесі бойынша телефонмен сөйлескенін жазды, бірақ егжей-тегжейін келтірмеді.

Трамп журналистерге Ресей президенті резиденциясына шабуыл жасауға талпыныс туралы Путиннен естігенін және оған "қатты ашуланғанын" айтты. АҚШ президенті "қазір мұның бәрі үшін қолайсыз уақыт" деді.

Шабуыл болғанын дәлелдейтін айғақтар бар-жоғы туралы сұраққа Трамп: "Біз оны анықтаймыз", – деп жауап қатты. Ол сондай-ақ дүйсенбі, 29 желтоқсан күні Путинмен телефонмен сөйлескенін "өте жақсы әңгіме" деп сипаттады.

Дүйсенбі күні таңертең Ресей қорғаныс министрлігі түн ішінде 89 дрон атып түсірілгенін, олардың 18-і Новгород облысы аумағында жойылғанын хабарлады. Кейін министрлік Мәскеу уақытымен таңертеңгі сағат 7-ден 9-ға дейін аймақта тағы 23 украин дроны атып түсірілді деп мәлімдеді.

29 желтоқсан күні кешке Ресей қорғаныс министрлігі президент резиденциясын нысана еткен дрондардың жартысы көрші облыстарда жойылғанын нақтылады.