Литва Ресеймен және Беларусьпен шекарасын барынша күшейтпек

Литваның Беларусьпен шекарасы. 11 тамыз, 2026 жыл

Литва үкіметі елдің Ресеймен және Беларусьпен шекарасындағы "әскери іс-қимылға қарсы әрекет жөніндегі жаңа шаралар" жоспарын мақұлдады. Қорғаныс министрлігі әзірлеген бұл жоба ықтимал қарсыластың әскери техникасы мен әскерінің ел аумағына өтуіне тосқауыл қоюды көздейді.

Литваның қорғаныс вице-министрі Томаш Микелькевичюстің мәлімдеуінше, шекараның литвалық бөлігінде арнайы орлар қазылып, инженерлік бөгеттер көбейтілмек. Бұған қоса бұрынғы батпақты аумақтарды қалпына келтіру жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін Литва армиясы құрамында арнайы бөлімше құрылмақ.

Жоспар бойынша Литваның Беларусьпен және Ресейдің Калининград облысымен шекарасы бойында ені шамамен 20 метр болатын "өтпес белдеу" жасалады. Қорғаныс министрлігі жедел тұрғыдан маңызды деп белгілеген учаскелерде оның ені 150 метрге дейін ұлғайтылуы мүмкін. Бағдарламаның алғашқы кезеңін 2028 жылдың, ал батпақты жерлерді қалпына келтіруді қамтитын екінші кезеңді 2030 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.

Бұларға қоса, Литва билігі көпірлерді жобалау мен жаңғыртуға қатысты заңдарға өзгертулер енгізуді жоспарлап отыр. Бұдан былай жаңадан салынатын және қайта жөнделетін көпірлердің жобасында әскери қажеттілік туындаған жағдайда оларды істен шығару мүмкіндіктері және көпірлерде жарылғыш заттар орналастыруға арналған орындар қарастырылуға тиіс. Билік мұндай шараларды елдің қорғаныс қабілетін күшейту және әскери басқыншылық болған жағдайда қарсыластың қозғалысын баяулату мақсатымен түсіндіріп отыр.

Литва премьер-министрі Миндаугас Синкевичюс 6 тамызда үкімет пен барлау қызметтері Ресей тарапынан төнетін қауіп-қатерді кеміткісі келмейді деп мәлімдеген. Дегенмен ол жұртты алаңдамауға шақырған. Премьер гибридтік шабуылдарға мысал ретінде Беларусь тарапынан болған заңсыз мигранттар ағынын, сондай-ақ шекарадан елдің әуе кеңістігін бұзып кірген белгісіз дрондар мен әуе шарларын атады.

Маусым айында Литваның әскери барлау қызметі Ресейдің қазіргі уақытта Балтық жағалауы елдеріне шабуыл жасауға дайындалып жатқанын білдіретіндей ештеңе байқалмайтынын, әйткенмен жекелеген диверсиялар мен арандату әрекеттері жасалу қаупі әлі сейілмегенін хабарлаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Литва АҚШ-тың ядролық қаруын қабылдауға дайын екенін мәлімдедіЕуроодақ Ресей азаматтарына Шенген визасын беру шарттарын қатайтпақ