Литвада құлатылған дрон Ресейге тиесілі

15 қыркүйекке қараған түні Литвада құлатылған дрон Ресейге тиесілі болып шықты деп хабарлады ел президенті Гитанас Науседа. Оның сөзінше, "Гербера" маркалы дрон құлаған. Қазір мамандар аппараттың электронды бөлігін талдап жатыр.

"Бұл Литваға қарсы әдейі жасалған шабуыл емес тәрізді. Украинаға бағытталған ресейлік дронды украин электронды соғыс жүйелері бұрып, осылайша біздің аумаққа келген, осында атып түсірілді" деді ол.

НАТО-ның жойғыш ұшағы 15 қыркүйекке қараған түні дронды атып түсірді. Аппаратты сағат 00:20-да Шяуляй әуе базасынан шыққан жойғыш ұшақ құлатты. Дронның бөлшектері табылды. Оқиға орны оқшауланып, күзет қойылған, ол жақта әскерилер мен полицейлер жұмыс істеп жатыр.

Кейін Литва қорғаныс министрі Робертас Каунас дрон Беларусь жақтан ұшып келгенін және онда жарылғыш зат болғанын айтты.

Еурокомиссияның жетекшісі Урсула фон дер Ляйен Литвада құлатылған дрон "Ресейдің Еуропаға қарсы агрессиясы мен арандатушылық әрекеттерінің бір бөлігі" деді. Ол Еуроодақ Мәскеуге қысымын күшейтеді деді.

Ал Польшада 14 қыркүйекте Балтық теңізі жағалауындағы Русиново елді мекенінде табылған ресейлік дронда да жарылғыш зат болғаны анықталды. Поляктың RMF24 басылымының хабарлауынша, "Гербера-2" дронынан "жарылғыш заттар мен детонаторы бар оқтұмсық" табылған.

Оның алдында Польшаның қорғаныс министрі Владислав Косиняк-Камыш Русиновода табылған аппараттың Ресейде жасалғандығын айтқан. Поляк әскері оны судан алып шықты.

Onet басылымының жазуынша, оқиға орнына жақын маңда Польша әскери-әуе күштерінің орталық полигоны шоғырланған.