Осама Хаммад басқаратын Шығыс Ливия үкіметі Украинаның үстінен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне шағым түсірді. Ливия тарапы 22 қарашада Бенгази портындағы ресейлік кемелерге украиналық дрондар мен экипажсыз қайықтар жасаған шабуылға шұғыл әрі тәуелсіз халықаралық тергеу жүргізуді талап еткен.
Шығыс Ливия үкіметі өзіне бағынбайтын елдің батыс бөлігінде украиналық әскери қызметкерлер немесе әскери мамандар бар деген күдікті, сондай-ақ шабуылдар Батыс Ливияның қолдауымен дайындалған болуы мүмкін деген болжамды тексеру қажет деп мәлімдеген. Олар шетелдік әскери күштерге ливиялық әскери немесе логистикалық қызмет көрсету және азаматтық порттарды әскери мақсатта пайдалану ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіретінін, сондай-ақ елді өзге халықаралық қақтығыстарға тартуы мүмкін екенін айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Ливияда ресейлік әскери кемеде жарылыс болдыБҰҰ мойындаған Батыс Ливия үкіметі де бұл оқиғаны айыптады. Ливия сыртқы істер министрлігі Украина президенті Владимир Зеленскийден түсініктеме талап етіп, өз шекарасы ішінде және аумағына жататын теңізде ешқандай шетелдік әскери іс-қимылға рұқсат бермегенін мәлімдеді. Ливия СІМ Украинадан шабуылға дайындық кезінде Ливия аумағы немесе ливиялық делдалдардың қызметі пайдаланылған я пайдаланылмағаны туралы есеп беруді талап етті.
БҰҰ-ның Ливиядағы миссиясы (UNSMIL) да оқиғаны тексеруге үндеді. Миссия өкілдері Ливия өзгелердің қақтығыс алаңына айналмауы тиіс екенін баса айтып, шиеленістің ушығуы ел ішіндегі жағдайды одан әрі тұрақсыздандыруы мүмкін болғандықтан, барлық тарапты сабыр сақтауға шақырды.
Ресейдің Триполидегі елшісі Айдар Аганин де Украинаны ресей-украин соғысына өзге елдерді тартуға тырысты деп айыптады. Ол Мәскеудің өз кемелеріне жасалған шабуылды жауапсыз қалдырмайтынын және қарымта шараларды қарастырып жатқанын хабарлады. Ресейлік әскери сарапшылар тобы өз тергеуін жүргізу үшін Ливияға ұшып барған.
- 22 қарашада Ливияның Бенгази портында әуе және теңіз дрондарымен жасалған шабуыл салдарынан ресейлік "Меркурий" әскери корветі жойылып, ресейлік жүк кемесі зақымданды. Бұған қоса Ресейдің Ка-27 әскери тікұшағы атып түсірілді. Украина президенті Владимир Зеленский шабуылды украин әскері жасағанын мәлімдеді.
- 2020 жылы азамат соғысы аяқталғаннан кейін Ливияда қос билік орнаған: елдің батыс бөлігін БҰҰ мойындаған, Абдулхамид Дбейба басқаратын Ұлттық бірлік үкіметі, ал шығыс бөлігін Халифа Хафтар қолбасшылық ететін Ливия ұлттық армиясына сүйенетін әкімшілік бақылайды. Тараптар бірін-бірі диверсия жасады, дрондармен шабуылдады және қарулы қақтығыстарға барды деп жиі айыптайды.