Ливияда ресейлік әскери кемеде жарылыс болды

Бенгазидегі әскери-теңіз портта жарылыс болған ресейлік "Меркурий" корветінің спутниктен түсірілген суреті. 22 қараша, 2026 жыл.

22 қарашаға қараған түні Бенгази портындағы әскери-теңіз базасында бірнеше қуатты жарылыс болды.

Libya Observer басылымы жарылыс оқ-дәрі қоймаларында болды деп жазды. Жарылыс болар алдында базаның үстінен ұшақ ұшып өткен. Ливия ұлттық армиясының қолбасшысы Халифа Хафтарға жақын әскери дереккөздер ол ұшақ қоймаларды бомбалағанын айтқан. Бірақ Хафтармен байланысы бар ливиялық БАҚ жарылысқа әуе шабуылы емес, оқыс оқиға себеп болды деп жазды.

Әскери-теңіз күштері туралы жазатын Naval News басылымы Бенгазидегі жарылыстан ресейлік "Меркурий" әскери корветіне зақым келгенін хабарлады. Кемеде өрт шығып, ол түгелге жуық жанып кеткен дейді басылым.

"Меркурий" ресми түрде Қара теңіз флотына қарайды, бірақ кейінгі бірнеше жыл бойы Жерорта теңізінде қызмет атқарған. Басылым кеме Бенгазиге бірнеше күн бұрын келген деп хабарлады. Үкіметтің мәліметінше, Ресейге бет алған корвет азық-түлік пен жанармай алу үшін Бенгази портына аялдаған.

Шығыс Ливия үкіметі ресейлік кеменің жойылғанын растады. Корвет өртеніп, суға батып кеткен.

Reuters агенттігі жарылыс пен өрт салдарынан он адам зардап шеккен, арасында Ресей мен Ливия азаматтары бар, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ деп хабарлады.

Үкімет шабуылды айыптағанымен, оның артында кім тұруы мүмкін екенін нақтыламады. Билік қоймалар мен порт инфрақұрылымына зақым келген жоқ деп мәлімдеді.

Бұдан бөлек, жексенбі күні Ливия жағалауына жақын маңда теңізде тағы бір кеме теңіз дрондарының шабуылына ұшыраған. Supernova+ мониторинг арнасы ол – Калининградтан Бенгазиге жүк апара бара жатқан ресейлік Ascalon кемесі деп хабарлады.

Ал ресейлік әскери telegram-арналар шабуылды украиналық Magura теңіз дрондары жасаған деп жазды.

Ресейдің әскери кемелері Ливияда Ливия ұлттық армиясының бақылауындағы әскери-теңіз базаларына орналасқан. Вашингтон Таяу Шығыс саясаты институты биыл 6 қазанда жариялаған талдауында Ресейдің Ливиядағы белсенділігі артып келе жатқанын айтқан еді.

2020 жылы азамат соғысы аяқталғаннан кейін Ливияда қос билік орнады: елдің батыс бөлігін БҰҰ мойындаған, Абдулхамид Дбейба басқаратын Ұлттық бірлік үкіметі, ал шығысын Халифа Хафтар қолбасшылық ететін Ливия ұлттық армиясына сүйенетін әкімшілік бақылауда ұстап отыр. Екі тарап бір-бірін диверсия жасады, дронмен шабуылдады және жергілікті қарулы қақтығыстар ұйымдастырды деп жиі айыптайды.