Лукашенко "ЛГБТ насихатын" таратушыларды жауапқа тартатын заңға қол қойды

Александр Лукашенко

Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенко ЛГБТ құқықтарын, трансгендерлік ауысуды және баласыз мінез-құлықты насихаттағаны үшін әкімшілік жаза енгізетін заңға қол қойды.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулер арасында "азаматтарда гомосексуал қарым-қатынас, жынысын өзгерту, педофилия және баласыз болу тартымды деген түсінік қалыптастыру мақсатында кез келген түрде ақпарат таратқаны" үшін жазалар қарастырылған.

Жаңа заң бойынша жауапқа тартылғандарға жеке тұлғаларға 900 беларусь рубліне (300 доллар), жеке кәсіпкерлерге – 4500 рубльге (1500 доллар) және заңды тұлғаларға – 6700 рубльге (2200 доллар) дейін айыппұл салынатын болады.

Бұған қоса заңда "халықаралық іс-шараларда Беларусьті заңсыз таныстырған" адамдарға әкімшілік жауапкершілік жүктелетіні жазылған.

Беларусь бас прокуратурасы бұл заң жобасын 2024 жылы әзірлеген. Лукашенконың баспасөз қызметі құжат "дәстүрлі құндылықтарды" қорғауды көздейді деп мәлімдеді.

Ресейде осыған ұқсас заң 2013 жылдан бері күшінде.

Ал Қазақстанда мұндай заң ережесі биыл күшіне енген. Былтырғы жылдың аяғында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заң түзетулері БАҚ-та, онлайн-платформаларда (әлеуметтік желілерде), жарнамада, кинода және кітаптарда "дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттауға" тыйым салады. Заң талабын бұзғандарға айыппұл салынады. Ал бір жыл ішінде осы әрекетін қайталағандарға — айыппұл көлемін ұлғайту немесе 10 күнге дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.

Қазақстан билігі заң адамдардың жеке өміріне немесе ЛГБТ өкілі болу құқығына тыйым салмайды, тек ақпараттық кеңістіктегі жария насихатты шектейді деп түсіндіреді. Ал халықаралық құқық қорғау ұйымдары (БҰҰ, Human Rights Watch) бұл заң сөз еркіндігін шектеп, дискриминацияны күшейтуі мүмкін деп есептейді.