Александр Лукашенко 26 маусымда Ресейге барды. Оның сапары алдын ала хабарланбады. "Пул первого" телеграм-арнасы оның ұшақтан түсіп жатқаны көрінетін видео жариялады.
Кейін "Пул первого" Лукашенко мен Владимир Путин Валдайдағы резиденцияда кездескенін хабарлады.
Азаттықтың "Система" жүйесінің жазуынша, Лукашенконың сапары туралы айтыла бастаған сәттен бірнеше сағат бұрын Беларусь басшысының ұшағы "Путиннің қосымша әуежайы" деп аталатын Хотиловодағы әуежайға қонған. Бұл Путиннің резиденциясына жақын орналасқан. Бір мезгілде сол аумақтағы тас жол да жабылды.
Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 26 маусымда Путин мен Лукашенконың Валдайда кездескенін растады. Оның сөзінше, олар "одақ мемлекеттердің күн тәртібін, аймақ қауіпсіздігіне қатысты сауда-экономикалық қатынас мәселелерін" талқылаған.
Лукашенко Беларусьтің Украинадағы соғысқа араласу ықтималдығы мәселесі қызу талқыланып жатқан шақта Ресейге барып отыр. Украина президенті Владимир Зеленский Киев Минскіге "тиісті белгі" бергенін мәлімдеп, Беларусь билігін "соғысты созуға ықпал ететін" әрекеттерден бас тартуға шақырған.
Бұған дейін Зеленский Минскіден Украинамен шекарадағы ретрансляторларды бұзуды талап еткен. Оның сөзінше, бұл жабдықтар Ресейге соққыны дәлірек жасауға мүмкіндік береді. 24 маусымда ол бұл ретрансляторлар істен шықты деген.
Ал Александр Лукашенко жуырда Минскіде Украина президентінің өкілдерімен кездескенін айтқан. Оның сөзінше, ол Зеленскийге Беларусьті соғысқа тарту талпынысы "соғыстың сапасын күрт өзгертетінін" жеткізуді өтінген.