Лұқпан Ахмедияров белгісіз біреу көлігіне бояу шашып кеткенін хабарлады

Белгісіз ер адамның журналист Лұқпан Ахмедияровтың көлігіне бояу шашқан сәті. Видеоны журналист бақылау камераларынан алғанын айтты. Астана, 24 шілде 2026 жыл.

Журналист Лұқпан Ахмедияров белгісіз біреу көлігіне әдейі бояу шашып кеткенін хабарлады. Ол көлігіне бояу шашқан адамның видеосын да бақылау камераларынан таба алғанын айтып, бірнеше видео жариялады.

Оқиға 24 шілдеде күндізгі сағат 11 жарым шамасында болған.

Журналистің сөзінше, көлігі тұрған орынға жеке мекеменің үш камерасы қарап тұрған. Бастапқыда мекеме өкілдері видеоны тек полицияға беретінін айтып, беруден бас тартқан. Кейін журналист видеоларды тапқанын айтып, бақылау камерасынан түсірілген бірнеше видео жариялады.

Видеода қара кепка киген, қара көзілдірік таққан ер адамның өтіп бара жатып журналистің көлігіне ақ бояу шашып кеткені көрінеді.

“Үшінші видеода қаскөйдің қылмыс орнына жалғыз келмегені көрінеді. Оны көлікпен әкелген және содан шығып, менің көлігіме қарай бара жатқанда сол жерде ашық түсті футболка киген екінші ер адам оның орнына отырады. Қысқасы, полиция қызметкерлері көлігіме бояу шашқан қаскөйді табуға тырысып жатқанда, ақыры бейнежазбаны таба алдым. Міне, ол! Маған мүлдем бейтаныс адам. Мүмкін біреу оны танитын шығар” деп жазды журналист.

Астана полициясы әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді.

Батыс Қазақстан облысының тумасы Лұқпан Ахмедияров Қазақстандағы тәуелсіз журналистердің бірі ретінде танымал. Кәсіби қызметі үшін бірнеше сыйлықтың иегері атанған Ахмедияровты биліктің кемшіліктер мен олқылықтарын сынап, жемқорлық пен жең ұшынан жалғасуды әшкерелейтін материалдары үшін бірнеше рет шенеуніктер сотқа да берген, сондай-ақ билік оны қоғамдық-саяси белсенділігі үшін де бірнеше рет жауапқа тартқан.

2012 жылы Лұқпан Ахмедияровқа кәсіби қызметіне бола қастандық жасалған.

Кейінгі бірнеше жылдан бері Астанада тұрып жатқан Лұқпан Ахмедияров әріптесі Рауль Упоровпен бірге Қазақстандағы тәуелсіз медиаға қысым жасалатынын сынға алып, биліктің қытығына тиетін саяси тақырыптарды қозғаған журналистердің жұмысы қиындыққа тап болатынын айтқан.

Былтыр Астанада билік өкілдері Лұқпан Ахмедияровты ұстап, "көрінеу жалған ақпарат тарату" туралы іс бойынша қорғану құқығы бар куәгер ретінде жауап алу үшін полиция мекемесіне жеткізген еді. Ол іс Ахмедияров Ресейге жұмыс істеуге кеткен қазақстандықтарды Ресейдің қорғаныс министрлігі әскери келісімшартқа отыруға мәжбүрлеп жатқаны туралы бейнематериал жариялағаннан кейін қозғалған. Ол қылмыстық істің қай деңгейде екені қазір белгісіз: бұған дейін бірнеше рет полицияға шақыртып, жауап алғаннан басқа тергеу амалдары жайлы ақпарат болған жоқ.