Лұқпан Ахмедияров полиция қателігін мойындап, куәлігін жаңартқанын хабарлады

Лұқпан Ахмедияров

Журналист Лұқпан Ахмедияров 27 тамызда Астана полициясы Ресейде журналистке іздеу жариялануына байланысты оның жүргізуші куәлігін жаңартпай қойғанын хабарлаған еді. Бүгін, 28 тамызда журналист полиция қателіктерін мойындап, құжатын жаңартып бергенін айтты. Ахмедияров мұны жеңіс деп атады.

"Бүгін таңертең маған полиция полковнигі (аты-жөні есте қалмады) хабарласты. Ол кеше жүргізуші куәлігімді ауыстырмай қойғаны негізсіз екенін айтып, өтінішті қайта жіберуді ұсынды. Ол менің Ресейде халықаралық іздеуде болуым бас тартуға негіз бола алмайтынын және өтінішті қараған полиция қызметкері өз міндетін сапалы атқармағанын айтты. Өтінішті тапсырып, жарты сағаттан кейін жаңа құжаттың дайын екендігі жөнінде хабарлама алдым. Мұның бәрі бұл тұста мәселе бар екенін айғақтайды және ол тек оны жария еткендіктен және көптеген адам комментарийлерде мені қолдағандықтан ғана шешілді. Басқаша айтқанда, мәселе жеке бақылауға алынып шешілді. Мені қолдаған және осы жағдайға наразылық білдірген баршаңызға алғыс айтамын" деп жазды журналист.

Полиция әзірге түсініктеме бермеді.

Маусымда Ахмедияровты Оралда полицейлер ұстап, Ресей ішкі істер органдарының сұрауымен халықаралық іздеуде екенін хабарлап босатқан еді. Қазақстанда оның үстінен "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатқанын осыған дейін Астана полициясы Азаттыққа растаған.

6 тамызда Халықаралық журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Қазақстан билігін журналист Лұқпан Ахмедияровтың шетелге шығуына қойылған шектеуді алып тастауға және оған қысым көрсетуді тоқтатуға үндеген. Ұйым бұған дейін Ахмедияровтың әлеуметтік желідегі аккаунттары бұғатталып, жазбалары өшірілгенін және шілдеде әлдебіреу оның көлігіне бояу шашқанын да атап көрсеткен. Қазақстандық "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қоры, Құқықтық медиа-орталық қоғамдық ұйымдары да осындай мазмұндағы үндеу жасап, билікті журналистерді кәсіби міндетін атқарғанына бола қудалауға жол бермеуге шақырған.

Тамыздың ортасында Украинаның "Хочу жить" ("Өмір сүргім келеді") жобасы Астана полициясы қылмыстық істі журналистің кәсіби қызметіне қысым көрсету деп бағалап, Қазақстан билігін сөз еркіндігі қағидаларын сақтауға шақырған. Астана әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ.

Лұқпан Ахмедияров - Орал қаласынан шыққан тәуелсіз журналист. Аймақтық баспасөзде жұмыс істеген журналист 2012 жылы кәсіби қызметіне байланысты қастандықты да басынан өткерді. Қазір Астанада тұрады. 2021 жылы әріптесі Рауль Упоровпен бірге YouTube-те «Просто журналистика» арнасын ашты, онда қоғамдық-саяси оқиғаларды, Украинадағы соғысты және Қазақстанда кедергісіз таралып жатқан ресейлік үгіт-насихат туралы баяндайды.