Лұқпан Ахмедияров "Просто журналистика" YouTube-арнасы тағы өшірілгенін хабарлады

Лұқпан Ахмедияров.

Тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедияров “Просто журналистика” YouTube-арнасы тағы өшірілгенін хабарлады. Оның сөзінше, YouTube арна авторларын “құпиялылық ережесін бұзғанын” айтқан, алайда нақты қай видео екенін нақтыламаған. Журналист арнада ешкімнің банк картасының нөмірі, есепшот сияқты деректер жарияланбағанын айтады.

“YouTube бізге құпиялылық ережелерін жіберді. Онда бір қызығы, адамның суреті мен аты-жөнін жариялау құпиялылық ережесін бұзу болып саналуы мүмкін екені жазылған. Бірақ кешіріңіз, мұны кез келген арна жасайды” дейді журналист.

“Просто журналистика” арнасы биыл осымен екінші рет өшіріліп отыр. Жазда әлдекімдер арнаны “авторлық құқықты бұзды” деп айыптап, арна өшірілгеннен кейін олар да өздерінің аккаунттарын өшірген. Кейін арна баспасөз қорғау ұйымдарының көмегімен қайта қалпына келтірілген.

«Просто журналистика» – журналистер Лұқпан Ахмедияров пен Рауль Упоровтың коммерциялық емес жобасы. Ол өзекті қоғамдық-саяси мәселелерді қозғайды. Бұған дейін арна Қанды Қаңтар, жемқорлық, Украина, белсенділердің қудалануы және өзге де маңызды тақырыптарды қозғаған.

Қоғамдағы өзекті мәселелерді айтып жүрген журналист Лұқпан Ахмедияровтың өзі де бұған дейін талай рет әкімшілік-қылмыстық қудалауға ұшыраған. Биыл көктемде Ресейге жұмысқа кеткен бір топ қазақстандықты Украинадағы соғысқа мәжбүрлеп жіберуі мүмкін екені жөнінде ақпарат таратқан журналистке қарсы "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша іс қозғалып, журналист қорғануға құқығы бар куәгер атанған.

Ахмедияровты биліктің кемшіліктер мен олқылықтарын сынап, жемқорлық пен жең ұшынан жалғасуды әшкерелейтін материалдары үшін бірнеше рет шенеуніктер сотқа да берген, сондай-ақ билік оны қоғамдық-саяси белсенділігі үшін де бірнеше рет жауапқа тартқан.

Ресей Украинаға қарсы басқыншылық соғыс ашқаннан кейін Лұқпан Ахмедияров пен Рауль Упоров Украинаға барып, соғыс қасіретін тартып жатқан халықтың азаттық пен тәуелсіздік жолындағы күресін, бір сәтте бейбіт өмірі тас-талқан болған қарапайым адамдардың өмір тынысы жайлы тізбекті хабарлар дайындап, қазақстандық көрерменге жеткізген.

Олар бірігіп Қанды Қаңтар туралы екі бөлімнен тұратын деректі фильм шығарған. Ахмедияровтың айтуынша, фильм жеке адамдардың қаржысына екі жыл бойы Қазақстанның 12 қаласында түсірілген.

2012 жылы Лұқпан Ахмедияровқа қастандық жасалды. Қылмыскерлер оны травматикалық қарудан екі рет атып, кеуде тұсынан 8 рет пышақ салған. Подъезге жасырынып үлгерген журналист жылдам көмекке келген адамдардың арқасында аман қалған.

Ахмедияров кәсіби қызметі үшін бірнеше сыйлықтың, соның ішінде халықаралық жүлденің иегері атанған.