БАӘ-дегі АЭС аймағына жасалған дрон шабуылы МАГАТЭ-ні алаңдатып отыр

Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Барака атом электр станциясы. 13 ақпан, 2020 жыл.

Біріккен Араб Әмірліктеріндегі (БАӘ) Барака атом электр станциясындағы өрттен кейін, Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) радиация деңгейі қалыпты мөлшерден аспағанын, бірақ жағдайға алаңдап отырғанын айтады.

Жексенбі күні Әбу-Даби билігі Барака АЭС-і аймағындағы дизель генераторы дрон шабуылынан кейін өртенгенін хабарлаған. БАӘ қорғаныс министрлігінің дерегінше, АЭС аймағына шабуылдаған үш дронның екеуін әуе қорғанысы жүйесі залалсыздандырған, ал үшінші дрон станцияның ішкі аумағынан тыс жердегі қосалқы дизель генераторына тиген.

БАӘ билігі дрон шабуылынан адамдар зардап шекпегенін және АЭС-тағы барлық энергетика жабдықтары мен жүйелері қалыпты жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеген.

МАГАТЭ радиация деңгейі көтерілмегінін, бірақ алаңдатарлық жағдай қалыптасқанын хабарлады.

"Қосалқы дизель генераторлары станцияның үшінші реакторын қуатпен қамтамасыз етеді. Агенттік жағдайды мұқият бақылауда ұстап, БАӘ билігімен үнемі байланыста отыр", делінген агенттік мәлімдемесінде.

МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси "ядролық қауіпсіздікке қатер төндіретін әскери әрекетке жол беруге болмайды" деп мәлімдеді.

Бұған дейін The Wall Street Journal (WSJ) басылымы дереккөздерге сүйеніп, сәуірдің басында БАӘ Иранның Лаван аралындағы мұнай өңдеу зауытына шабуылдағанын хабарлаған. Басылым дереккөздерінің мәліметінше, шабуыл АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон мен Тегеран атысты тоқтатуға келіскенін жариялағаннан кейін, бірақ бітім күшіне енбей тұрып жасалған. Кейін Иран БАӘ мен Кувейтке қарсы қарымта шабуылдар бастаған.

WSJ дереккөздері БАӘ Таяу Шығыстағы қақтығысқа белсенді қатысып жатқанын айтады, бірақ Әбу-Даби шабуылдарға қатысы барын ресми түрде жоққа шығарады.

Газет дереккөздерінің бірі Вашингтон БАӘ-нің әрекеттеріне алаңдаушылық білдірмегенін, себебі шабуыл атысты тоқтату режимі басталғанға дейін болғанын айтты. Оның сөзінше, сол кезде АҚШ Парсы шығанағы елдерінің Иранға қарсы қақтығысқа қатысуын құптаған.

Соғыс кезінде Иран шабуылдарының айтарлықтай бөлігі БАӘ-ні нысанаға алды. WSJ деректері бойынша, Иран Әмірліктерге қарсы шамамен 3000 зымыран мен дрон атқылаған - бұл Израильді қоса алғанда, кез келген басқа елге қарағанда көп.

Президент Трамп 8 сәуірде АҚШ пен Иран атысты тоқтату туралы келісімге келгенін жариялады, ал 21 сәуірде Вашингтон жанжалды реттеу жөніндегі келіссөздер аяқталғанға дейін уақытша бітім мерзімін біржақты түрде ұзартты.атысты тоқтату ды ұзартты.

CNN телеарнасы бұған дейін Иранның Пәкістан арқылы берген жанжалды реттеу жөніндегі ұсынысына Трамп келіспегенін хабарлаған. Телеарна мәліметінше, АҚШ президенті Иранға шабуылдарды қайта бастау мүмкіндігін де қарастырып жатыр, бірақ түпкілікті шешім әлі қабылдамаған.