Мамандар Каспий жағалауындағы итбалықтардың қырылу себебін түсіндірді

Өлген итбалық. Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы, 9 қараша, 2024 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

Ауыл шаруашылығы министрлігі балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде Каспий жағалауындағы итбалықтардың қырылу себебін түсіндірді.

«Алдын ала зерттеулерге сәйкес, бұл ең алдымен асфиксияға байланысты. Итбалықтар жер сілкінісі, газдың шығуы және тұншығу салдарынан қырылып жатыр. Жұқпалы аурулар анықталған жоқ» деді Сермағамбетов..

Оның сөзінше, итбалықтар өзге елде өлген де болуы мүмкін, ал теңіз оларды Каспий жағалауына шығарып тастағанға ұқсайды.

"Бұл біздің аумағымызда емес, бүкіл Каспий теңізінде болып жатыр. Бұл Әзербайжан немесе Иран жағында да болуы мүмкін. Батыстан дауыл соққан кезде өлекселер Каспий теңізінің жағалауына, Ақтауға қарай шығып қалады. Біз өлекселерді жинау үшін жергілікті билік органдарымен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп іс-қимыл жоспарын жасадық" деді Сермағамбетов.

Қазақстанда теңіз жағалауынан өлген итбалықтар жиі табылады. Маусым айында Түпқараған ауданындағы Каспий жағалауынан 20 өлексе табылған.

Биыл сәуір айының ортасында Түпқараған ауданынан 200-ге жуық, ал мамыр айында тағы 30-дан итбалық өлексесі табылған еді. Ол кезде де су құрамын тексерген мамандар ластаушы заттар анықталмағанын хабарлаған.

Серік Сермағамбетовтің айтуынша, көп итбалық – 2024 жылы өлген. Ол кезде 2 мың шақты өлексе табылған.

2025 жылы қарашада итбалықтардың өліміне иммунитеттің әлсіреуі, ағзаның қарсыласу күшінің төмендеуі себеп болғаны айтылған.

Балық шаруашылығы комитеті төрағасының сөзінше, Каспий итбалықтарын қорғау үшін "Каспий итбалығы" мемлекеттік табиғи резерваты құрылған. Қазір Ақтауда жұмысын бастады. Оның айтуынша, 2025 жылы қыста комитет итбалық жүретін жолда кеме қатынасын шектеп, балық аулау аумақтарына түзету енгізген.

  • Кейінгі бір ғасырда Каспий итбалығының саны 90 пайызға азайған. 2008 жылы Табиғатты қорғау халықаралық одағы (IUCN) итбалықтың бұл түрін жойылып кету қаупі бар жануарлар қатарына қосқан. Ал 2020 жылы Каспий итбалығы Ресей мен Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілді.