Маңғыстау облысында кадрлық ауыс-түйіс болды

Жаңаөзен әкімдігінің ғимараты. Көрнекі сурет.

Сенбі, 26 қыркүйекте Маңғыстау облысында облыстық, қалалық және аудандық деңгейде жаңа басшылар тағайындалды. Бұл жөнінде облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

“Президент әкімшілігінің келісімі бойынша”, Ербол Ізбергенов Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. 53 жастағы Ізбергенов 2024-2025 жылдары да осы қызметті атқарған. Былтыр қыркүйектен бері әкімнің орынбасары болды. 2020-2023 жылдары аралығында Ақтау қаласы әкімінің орынбасары және Ақтау қаласы әкімі лауазымдарын атқарды. Әр жылдары бизнес пен мемлекеттік құрылымдарда да істеген.

55 жастағы Бекбол Орынбасаров Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Ол бұрын – 2021-2023 жылдары аймақ әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.

Ақтау әкімі қызметіне Мақсат Мұқаш тағайындалды. 34 жастағы шенеунік 2025 жылдың желтоқсанынан бері бүгінге дейін Жаңаөзен әкімінің орынбасары болған. Оған дейін Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына жетекшілік етті.

Сымбат Төретаев Жаңаөзен қаласының әкімі болып тағайындалды. 48 жастағы Төретаев 2023 жылғы мамырдан бастап осы уақытқа дейін Қарақия ауданының әкімі болған. Құқық қорғау органдарында істеді, кәсіпкерлікпен де айналысқан.

Жансейт Қайнарбаев Қарақия ауданының әкімі болып тағайындалды. Ол 2024 жылдың ақпанынан бері Жаңаөзен қаласының әкімі болды. 2022-2024 жылдары Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Оның алдында Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары болды.