БАҚ: Маңғыстау облысында қатты жел мен жаңбырдан жүзден астам жылқы қырылды

Қазақстанның батысында Маңғыстау облысында қатты жел мен жаңбырдан жүзден астам жылқы қырылды. Бұл жөнінде Lada басылымы жазды. Жылқылар бағытынан адасып, батпақтан шыға алмай өлген деп айтылады.

Маңғыстау ауданы әкімдігінің хабарлауынша, Сайөтес ауылы мен жетінші разъезд арасындағы аумақта – аудан орталығынан 120-150 шақырым жерден өлген жылқылар табылған. Бұл жөнінде бірінші болып әлеуметтік желіде жергілікті тұрғындар хабарлады.

Басылымның жазуынша, қатты желден Сайөтес ауылында бірқатар ғимарат бүлініп, шатырлары ұшқан.

Жағдайды бағалау үшін арнайы комиссия құрылған.

«Комиссия шаруа қожалықтарының иелерімен жұмыс істеп жатыр. Малды сәйкестендіру дерекқорында тіркелген жоғалған мал үшін өтемақы төлеу қолданыстағы заңнамаға сәйкес қарастырылады. Шешімді төтенше жағдайларды басқару, ауыл шаруашылығы және ветеринария саласындағы уәкілетті органдар қабылдайды» деп хабарлады ауданның ішкі саясат бөлімі.

Ақпаратқа қарағанда, өлген малдың есебі әлі анықталып жатыр, себебі мал иелері әзірге мал шығынын дұрыс есептей алмай отыр.

Жылқының бір бөлігі елді мекендерден 60-80 шақырым жерде өлген болуы мүмкін.

Табиғи апаттың салдарын жою үшін Бейнеу ауданынан Ақшымырау ауылына "Трэкол" көлігі жеткізілген. Жоғалған малды табу үшін дрон да қолданылып жатқаны хабарланды.

Жергілікті билік суды сорғыту, қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады.