Маңғыстаудағы жерасты мешіттері ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді

Маңғыстаудағы жерасты мешіттері. Мәдениет министрлігінің сайтынан алынған.

Маңғыстаудағы жерасты мешіттері ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді.

Шешім Пусанда өткен комитет сессиясында қабылданған. Бұл жөнінде Қазақстан мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

Тізімге енген нысан құрамына Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан епе және Бекет ата атты бес киелі кешен енген.

“ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитеті нысанның (ii) және (iii) критерийлер бойынша айрықша әмбебап құндылығын мойындады. Комитет Маңғыстауда сопылық дәстүр мен көшпелі мәдениеттің сан ғасырлық сабақтастығы нәтижесінде қалыптасқан бірегей киелі кеңістіктің әлемдік мәдени мұра үшін маңызын атап өтті” деп жазылған мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарламасында.

Әрбір кешеннің құрамына жерасты мешіттері, қорымдар, сопылық ілім өкілдерінің кесенелері мен жерлеу орындары, зиярат жолдары, киелі құдықтар және діни мәні бар өзге де нысандар кіреді.

Бұл орындар ғасырлар бойы үзілмеген рухани дәстүрдің сақталуына ықпал етіп, бүгінге дейін зиярат етушілердің маңызды орталығы ретінде маңызын жоғалтпаған. Сонымен қатар киелі орындарды күтіп-баптап, олардың сабақтастығын жалғап келе жатқан шырақшылық дәстүрі де сақталған.

Министрліктің хабарлауынша, бес кешен де қазір мемлекет қорғауында және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Оларды сақтау үшін 2027-2032 жылдарға арналған кешенді басқару жоспары әзірленіп жатыр.

Құжатта ескерткіштерді сақтау, киелі тарихи-мәдени кеңістікті қорғау, келушілер ағынын тиімді ұйымдастыру, ықтимал қатерлердің алдын алу және ғылыми зерттеулер жүргізу мәселелері қамтылған.

ЮНЕСКО бұған дейін XIV ғасырдың соңында тұрғызылған Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі де ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұралары тізіміне енгізген.