Мәскеу қаласы мен маңайына жасалған дрон шабуылынан кемінде үш адам өлген

Мәскеудегі Шереметьево әуежайы

17 мамырға қараған түні Мәскеу мен Мәскеу облысына жасалған дрон шабуылы салдарынан, Ресей билігінің мәліметінше, кемінде үш кісі қаза тауып, оннан астам адам жараланған.

Бұл Ресей Украинаға қарсы кең көлемді басқыншылық соғыс бастағалы бергі ең ірі дрон шабуылдарының бірі болды деп жазды Азаттықтың Орыс қызметі.

Ұшқышсыз аппараттардың шабуылы салдарынан бірнеше жерде өрт болған, соның ішінде Шереметьево халықаралық әуежайы аумағында да өрт шыққан.

Шабуыл видеоларын украиналық мониторинг арналары мен ASTRA Telegram арнасы жариялады.

ASTRA дерегінше, Зеленоградтағы "Элма" технопаркі дрон шабуылына ұшыраған. Мәскеудің Капотня ауданындағы мұнай өңдеу зауытына да шабуыл жасалған. Мәскеу қаласының мэрі Сергей Собянин 12 адам зардап шеккенін айтты. Оның сөзінше, жараланғандар — зауыт маңындағы құрылысшылар ауысымы. Келтірілген шығын көлемі жайлы дерек жарияланған жоқ.

Мәскеу облысының бірнеше ауданында, соның ішінде Химки, Истра және Красногорск қалаларында, сондай-ақ Мәскеудегі Михайлов көшесінде дрондар көпқабатты тұрғын үйлерге зақым келтірген.

Билік мәліметінше, әуе шабуылынан Химкиде бір адам, Мытищиде салынып жатқан үйге дрон түсіп, екі адам қаза тапқан. Сондай-ақ Солнечногорск мұнай құю станциясына шабуыл жасалған.

Ресей қорғаныс министрлігі жексенбіге қараған түні 556 украин дроны атып түсірілгенін, оның шамамен 120-сы Мәскеу өңірінде жойылғанын мәлімдеді. Алайда нысанаға неше дрон жеткені туралы ақпарат айтылмады.

Украина тарапы шабуыл жайлы әзірге түсініктеме берген жоқ. Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский 13-14 мамырдағы Ресейдің жаппай әуе шабуылына қарымта берілетін болады деп мәлімдеген еді. Ол шабуыл кезінде Киевте кемінде 24 адам қаза тапқан болатын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Киевке жасалған соққыдан қаза болғандар 24 адамға жетті