Мәскеу соты Украинаның әскери дрон күштері басшысы Роберт Бровдиді сырттай қамауға шешім шығарды

Роберт Бровди ("Мадияр")

Мәскеудің Басман аудандық соты Украина армиясының әскери дрон күштерінің қолбасшысы Роберт Бровдиді ("Мадияр") террористік шабуылға байланысты сырттай қамауға алды, деп жазды Mediazona.

Сот шешімімен Бровдидің бригада командирі Андрей Клименко да осы іске байланысты сырттай қамауға алынған. Ресей жағы бұл екеуіне адам өліміне әкелген топтық террористік шабуыл жасады деген айып таққан.

Қылмыстық іске Украина қарулы күштерінің биыл 22 мамырда Старобельск қаласындағы колледжге жасаған шабуылы себеп болды. Ресей үкіметі шабуыл салдарынан 20-дан астам адам, негізінен студенттер қаза тапты дейді.

Бұл Ресейде Роберт Бровдиге қарсы үшінші қылмыстық іс. Наурыз айының аяғында Ресей соты оны Курск және Белгород облыстарындағы жолдарға қашықтан мина орнатуға айыпты деп танып, өмір бойына бостандығынан айыру туралы үкім шығарған.

Бұған қоса Ресей билігі Бровдиді "террористік әрекетке болысқаны" үшін сырттай 18 жылға бостандығынан айырған. Тергеу комитеті оны Украина қарулы күштері дрондарының ресейлік отын-энергетика нысандарына шабуыл жасағаны үшін айыптады.

Ұлты венгр Роберт Бровди 2025 жылдың жазынан бері Украина қарулы күштерінің дрон күштерінің қолбасшысы қызметін атқарып келеді. Былтыр тамыз айында Будапешт Бровдидің елге және Еуроодаққа кіруіне тыйым салатын шешім шығарған, оны Венгрия мен Словакияға мұнай жеткізетін ресейлік "Дружба" мұнай құбырына жасалған шабуылға жауапты деп таныған.