Мәскеуде Путин мен Тоқаев кездесті

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) және Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол алысып тұр. Мәскеу, 8 мамыр 2026 жыл.

8 мамырда Мәскеуде Ресей және Қазақстан басшылары кездесті.

Ақорданың хабарлауынша, екі басшы “екіжақты күн тәртібінің кең көлемді мәселелерін” талқылаған. Тоқаев Ресей халқын Жеңістің 81 жылдығымен құттықтаған. Ол Жеңіс мерекесін “көзіміз жасқа толып қарсы алатын” мереке деп атап, совет өкіметінің “фашизмді жеңгенін” атап өткен. Айтуынша, Қазақстанда көзі тірі 57 ардагер қалған.

Ақорданың жазуынша, бұдан соң екі басшы екі ел арасындағы қарым-қатынастың дамуына тоқталған.

“Соңғы бес жылдың қорытындысы бойынша, Ресей – қазақ экономикасының ең басты инвесторларының бірі. Сауда-саттық та табысты дамып келеді. Алдын ала болжамға сәйкес, биыл тауар айналымы 30 миллиард доллар межесінен асып түседі. Бұл – өте жақсы көрсеткіш” деді Қазақстан басшысы.

Ақорданың хабарламасында Путиннің мамырдың соңына жоспарланған Қазақстанға мемлекеттік сапары бірнеше рет аталып, мұның “саяси және тарихи тұрғыдан маңызды уақиға болатыны” жазылған.

Ақорданың жазуынша, Путин Тоқаевтың “екі мемлекет арасындағы қарым-қатынасты дамытуға елеулі үлес қосып отырғанын” жеткізген.

Кремльдің хабарлауынша, Путин Тоқаевқа Жеңіс күні төңірегінде болып жатқан оқиғаларға “қарамастан” Мәскеуге барғаны үшін алғыс айтқан. Бұған қоса, Тоқаевтың екі мемлекет арасындағы байланысты дамытуға қосқан “еңбегін” де атап өткен.

Мамырдың соңында Путин Астанаға барып, Еуразия экономика одағының (ЕАЭО) бас органы – жоғарғы Еуразия экономика кеңесінің отырысына қатысады.

ЕАЭО ұйымының келісіміне сәйкес, жоғарғы Еуразия экономика кеңесі одақтың қызметіне қатысты "принципті мәселелерді қарастырып, стратегиясын анықтайды, одақтың мақсатына қатысты шешімдерді қабылдайды".

Бұған қоса, жоғарғы Еуразия экономика кеңесі ЕАЭО атынан шешімдер қабылдап, халықаралық келісімдер жасау немесе одан шығу бойынша да шешімдер қабылдайды. Аталған кеңес одақтың бюджетін бекітіп, оған мүше мемлекеттер төлеуі тиіс жарна көлемін де анықтайды.

Кей сарапшылар "ЕАЭО экономикалық емес, саяси ұйым және негізінен ол Ресейге пайдалы" деген пікір ұстанады. Бұл пікірге келіспейтіндер де бар.

ЕАЭО ұйымына Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Армения мүше. Өзбекстанда оған бақылаушы ел статусы бар.

9 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысады. Мәскеудегі биылғы парад әскери техникасыз өтпек. Сондай-ақ оның уақыты да шектеулі – бір сағатқа жетпейді. Кремль мұны қауіпсіздік шараларына байланысты деп түсіндірген.