Мәжіліс депутаттары: Қазақстан әскерін Газаға жіберу мәселесі парламентте талқыланған жоқ

Қазақстан парламенті ғимараты.

Қазақстан әскерін бітімгершілік миссиясы мақсатында Газа секторына жіберу мәселесі парламентте қаралған жоқ. Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік бойынша комитетінің мүшесі Олжас Құспеков пен Самат Нұртаза 20 ақпанда Азаттыққа осылай деді. Вашингтонда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана Газа секторына әскер жіберуге дайын екендігін мәлімдеген шақта редакция депутаттарға хабарласып көрген еді.

"Бұл бастаманы әлі қарастырған жоқпыз. Егер енгізілсе, қарастырылады. Заң бойынша бітімгер әскерді парламенттің келісімімен жібереді" деді Олжас Құспеков телефон арқылы.

"Қазір біз аймақта іссапарда жүрміз. Астанаға оралғаннан кейін отырыс өтеді, сол кезде талқылануы мүмкін" деді Самат Нұртаза.

Қазақстан Конституциясында елдің қарулы күштерін бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау бойынша халықаралық міндеттемелерді орындау мақсатында қолдану туралы шешімді парламент президенттің ұсынысымен қабылдайтыны жазылған.

Бітімгерлік туралы заңға сәйкес, әскерді қолдану туралы ұсынысты президент парламент палаталарының отырысына қарауға шығарады.

19 ақпанда Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысы кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдауға әзір. Яғни далалық госпиталь құру үшін бір топ медицина маманын, сондай-ақ Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар жіберуге даяр" деп мәлімдеген еді.

Қазақстан президентінің баспасөз қызметінің хабарламасында Тоқаевтың әскер жіберетіндігі жайлы айтылмайды. Онда тек дәрігерлер мен бақылаушылар туралы айтылады.

Вашингтонда Бейбітшілік кеңесінің отырысында қазақстандық әскерді жіберу тұжырымдалып қойылған келісім ретінде айтылған. Халықаралық қауіпсіздік күштерінің басшысы, Америка әскерінің генералы Джаспер Джефферстің айтуынша, әскер жіберу міндетін Индонезия, Марокко, Қазақстан, Косово және Албания алған.

Джефферстің сөзінше, Бейбітшілік кеңесі Газа секторының түрлі бес секторына 20 мың әскери қызметкерді орналастыруды жоспарлап отыр. Бұған қоса, ізінше тағы 12 мың полицейді жібермек.

Газаға жіберілетін әскер санына қарағанда негізгі рөлдердің бірі Индонезияға жүктелмек. Осы елдің президенті Прабово Субианто Джакарта 8 мыңға дейін әскер жіберуге дайын және егер қажет болса, одан да көп әскер жібере алады деді.

Тоқаев Астана Газаға қанша әскерін және қанша уақытқа жібере алатынын нақтыламады.

Бейбітшілік кеңесіне мүше Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев өз сөзінде Ташкент Газаны қалыпқа келтіруге көмектесуге дайын деп мәлімдеді. Аймақта әскери қуат жағынан (Global Firepower-2026) алда тұрған Өзбекстан басшысы әскер жіберетінін айтпады.