Bloomberg: Путин әскери шығынды азайтуға көнбей отыр

Ресей қаржы министрлігі мен Орталық банкінің жоғары лауазымды шенеуніктері президент Владимир Путинге әскери шығындардың қазіргі деңгейі бюджет тапшылығының қауіпті шамада өсуіне әкеліп соқтыратынын ескерткен. Мұны дереккөздер сөзіне сүйеніп, Bloomberg агенттігі хабарлады.

Агенттік мәліметінше, қаржы-экономикалық блок өкілдері қорғаныс шығындарын қысқартуды ұсынған, бірақ Путин оларға әскери шығындарға тиіспей, бюджет қаржысын үнемдеудің басқа жолдарын іздестіруді тапсырған. Bloomberg мұны Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс басталғаннан бергі Ресей басшылығындағы ең ірі ішкі келіспеушіліктің бірі деп сипаттады.

Қорғаныс министрлігі мен Кремль өкілдерінің бір бөлігі, керісінше, армияны қосымша қаржыландыруды қолдап отыр. Олар елдегі кәсіпорындардың көбі әскери тапсырыстарға тәуелді болғандықтан, соғыс шығындарын азайтудың экономикаға салдары өте ауыр болады деп қауіптенеді.

Дереккөздердің бағалауынша, қорғаныс министрлігінің 2026 жылғы бюджетінің тапшылығы үш триллион рубльге жетуі мүмкін. Бюджетті әзірлеген кезде шенеуніктер былтыр жазда Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамптың Аляскадағы келіссөзінен кейін соғыс аяқталады деп күткен, бұл 2026 жылдың екінші жартысында әскери шығындарды қысқартуға мүмкіндік берер еді, бірақ ол үміт ақталмады, деп жазды басылым.

Мамыр айының басында британдық Financial Times газеті Ресейдің қаржы министрі Антон Силуановтың ақпан айында үкіметке әскери шығындардан басқа барлық бюджет баптары бойынша шығындарды қысқартуды ұсынып хат жолдағанын жазған еді. Министр шығындарды шамамен үш триллион рубльге қысқартуды ұсынып, ең нашар жағдайда 2028 жылға қарай шығындарды жеті триллион рубльден астам шамада қысқарту қажет болатынын ескерткен.

Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан мұнай бағасы өскеніне қарамастан, Bloomberg және Financial Times мәліметтері бойынша, Ресейдің қосымша кірістері өсіп бара жатқан соғыс шығындарын жабуға жетпейді. Ресейдің 2026 жылға арналған бюджетінің кейінгі нұсқасында қаржы тапшылығы 3,8 триллион рубль деп белгіленген, бірақ биыл бірінші тоқсанда деифит көлемі алты триллион рубльге жетті – бұл соғыс басталғаннан бергі ең нашар көрсеткіш.