Қазақстандық "Құқықтық медиаорталық" қоғамдық қоры, "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қоры, MediaNet халықаралық журналистика орталығы және Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюро Қазақстанның жаңа парламенті – Құрылтай ғимаратында журналистердің жұмыс істеу тәртібі өзгергеніне байланысты алаңдап отырғанын айтып бірлескен мәлімдеме жасады.
Олар Құрылтайды "журналистердің кәсіби құқықтарын және қоғамдық маңызды ақпарат алу мүмкіндігін шамадан тыс шектеуге" жол бермеуге шақырды.
31 тамыз күні Құрылтай аппараты қызметкерлері БАҚ өкілдері бұдан былай депутаттарға сұрақты арнайы баспасөз орталығында ғана қоя алатынын және ғимарат ішінде тек парламент қызметкерлеріне ілесіп жүре алатынын хабарлаған.
"Ал бұған дейін жарияланған журналистерді аккредиттеу ережелерінде немесе Құрылтайдағы БАҚ өкілдерінің жұмысын реттейтін басқа да қабылданған құжаттарда мұндай шектеулер жоқ. Бұл жағдай қолданылатын талаптардың заңдылығына байланысты сұрақтар туғызады. Журналистік қызметке әсер ететін кез келген шектеу нақты құқықтық негізі бар, ресми түрде белгіленген және айқын әрі бірыңғай ережелерге сай қолданылуы тиіс", – делінген мәлімдемеде.
Оның авторлары сөз еркіндігіне кепілдік беретін Қазақстан Конституциясына және журналистерге заңда қарастырылған жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдарға бару, лауазымды тұлғалардың қабылдауында болу, өздерін аккредиттеген органның іс-шарасына қатысу, сондай-ақ аудио, фото және бейнежазба жүргізу құқығын беретін "Масс-медиа туралы" заңға сүйеніп отыр.
Құрылтай аппараты қызметкерлері БАҚ өкілдерімен жұмыс тәртібіне өзгерту енгізуге себептердің бірі ретінде қауіпсіздік талаптары мен күзетілетін мемлекеттік орган ғимаратындағы ішкі тәртіпті атаған. Мәлімдеме авторлары бұл "журналистердің кәсіби құқықтары мен қоғамдық маңызы бар ақпарат алу мүмкіндігін шамадан тыс шектеуге апарып соқпауға тиіс" деп санайды.
"Журналист "дұрыс" депутатқа жолығу үшін алдын ала тіркелуге, оларды арнайы белгіленген жерде күтуге және тек аппарат қызметкерлеріне ыңғайлы сұрақтар қоюға міндетті емес. Бейресми байланыстар – парламенттік журналистиканың маңызды бөлігіне жатады. Отырыстан кейін парламент мүшесіне тезірек жолығып, оған мәселені нақтылайтын немесе қолайсыз сұрақтар қою я көкейкесті тақырып бойынша түсініктеме алу демократиялық парламенттегі БАҚ үшін қалыпты тәжірибе саналады", – деп жазылған мәлімдемеде.
Құқық қорғаушылар мен медиақауымдастық өкілдері Құрылтай аппараты қызметкерлері мен басшылығын "БАҚ өкілдерінің жұмысы жөніндегі қолданыстағы ережелердің ашықтығын қамтамасыз етуге және оларға қолданылатын жұмыс тәртібін қабылданған ресми құжаттар мен журналистердің кәсіби қызметіне кепілдік беретін заңдарға сәйкес қылуға" үндеді. Бұған қоса олар Құрылтайдағы саяси партиялар мен фракцияларды депутаттардың, партиялардың БАҚ-пен ақпарат алмасуын нығайтуға шақырды.
31 тамызда, бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың екінші отырысы болған күні, журналистерге депутаттарға дәлізде сұрақ қоюға тыйым салынды. Журналистер парламент мүшелеріне жолыға алмады. Парламент отырысы кезінде БАҚ өкілдері баспасөз бөлмесінде болды. Отырыс аяқталғаннан кейін олар депутаттарға сұрақ қою үшін парламенттің екінші қанатына бет алған, бірақ ол жаққа шығатын есік бекітулі тұрды. Журналистер есікті қағып, ашуды талап еткенімен есіктің арғы жағында тұрғандар ашпады. Тілшілер мен операторлар ол жаққа тек 20-30 минут өткеннен кейін ғана шыға алды. Бірақ бұл уақытта дәлізде депутаттардан ешкім болған жоқ.
Парламент аппараты басшысының орынбасары Болат Кальянбеков Құрылтай бюросының шешімі бойынша, БАҚ өкілдері енді парламент ғимаратында депутаттарға тек баспасөз мәслихаттарында және белгіленген күн тәртібі бойынша ғана сұрақ қоя алады деп хабарлады.
Шенеунік мұндай шешімнің себебі жайлы сұраққа жауабында парламенттегі БАҚ өкілдерін "аккредиттеу ережелеріне" сілтеді.
Журналистер баспасөз өкілдерімен жұмыс ережесіндегі мұндай өзгерістер ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиені Дана Медеуованың Құрылтай депутаты болып сайлануына байланысты енгізілген бе деп сұрақ қойды. Кальянбеков бұл сұраққа жауап бере алмайтынын айтты. Ол депутаттардан эксклюзив сұхбат алу үшін олардың өзіне, партиялар веб-сайтында көрсетілген байланыс жолдарымен алдын ала хабарласып, келісуге болады ғой деп жөн сілтеді.