2021 жылы спорт пен салауатты өмір салтын дамыту жөніндегі мемлекеттік стратегия негізінде Астанада спорт академиясы құрылды. Ал 2026 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұрындық болуымен жасанды интеллект саласында жаңа бір университет пайда болды. Азаттық бұл екі оқу орнына мемлекетпен бірге президенттің туысы 23 жастағы Нұрасыл Медеу иелік етіп отырғаны туралы зерттеу дайындап жатқанда оның өзі мемлекеттік телеарнаға сұхбат берді. Нұрасыл Медеу бұл жетістікке "командасының көмегімен" жеткенін, өзіне ешқандай "артықшылықтар берілмейтінін", ал университеттердің инфрақұрылымы мемлекет меншігінде қалатынын айтты.
Your browser doesn’t support HTML5
Мемлекет қолдауына ие екі оқу орнының қожайыны кім? | Зерттеу
ЖИ УНИВЕРСИТЕТІ ҚАЛАЙ ЖИЕНШАРДЫҢ ИЕЛІГІНЕ ӨТТІ?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр тамызда Ақорда резиденциясында жасанды интеллектіні дамыту жөнінде билік өкілдерін жинап кеңес өткізіп, "алдағы бес жылдың ішінде Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы керек" деп мәлімдеді. Осыдан 1,5 ай өткенде ЖИ-ды дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысын өткізіп, "алдымен елімізде жасанды интеллект саласына маманданған зерттеу университетін ашу қажет деп санайтынын" және оған "арнайы мәртебе беру керегін" айтқан. Кейін президент жанындағы жасанды интеллектіні дамыту жөнінде кеңестің ұйғарымымен “Жасанды интеллект ұлттық зерттеу университеті” деп аталатын жаңа білім ордасы бой көтерді.
Президенттің бастамасымен "Цифрлық даму және жасанды инттеллект" жылы деп бекітілген 2026 жылдың 10 сәуірінде "Жасанды интеллект ұлттық зерттеу университеті" (QAIRU) ЖШС ресми тіркеуден өтті. Тіркеу құжаттары оның негізін қалаушы білім саласына жауапты мемлекеттік орган емес, 23 жастағы Нұрасыл Медеу екенін көрсетті.
Әуелі университет Астана қаласындағы тұрғын үй кешендерінің біріндегі қарапайым пәтерге орналасқан. Арада 11 күн өткенде Нұрасыл Медеудің қасына құрылтайшылар қатарына ЭКСПО көрмесі аясында салынған кешендерді басқаратын мемлекеттік QazExpoCongress компаниясы қосылды. Бұдан бөлек, университет мекенжайы осы компания басқаратын Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығына ауысты. Бұл – Қазақстан 2017 жылы ЭКСПО көрмесін өткізгенде салынған сфера тәрізді 8 қабатты алып ғимарат.
Қасым-Жомарт Тоқаев университеттің тіркеу құжаттарына өзгеріс енгізілгеннен үш күн өткенде, 24 сәуірде Alem.AI орталығына арнайы барып, ЖИ бағытындағы жаңа бастамалармен танысты. Президенттің баспасөз қызметінің жазуынша, осы күні Тоқаевқа AI Research University тұжырымдамасы таныстырылған. Осы іс-шара барысында түсіріліп, ресми ақпаратпен бірге жарияланған суреттерде Қазақстан президентімен қатар отырған төрт адамның біреуі – жиеншары Нұрасыл Медеу. Ол нағашы атасы Қасым-Жомарт Тоқаев, премьер-министрдің орынбасары әрі Жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев, университет ректоры Сапар Тоқсанов және сол кездегі Президент әкімшілігінің жетекшісі (қазір Құрылтай төрағасы) Айбек Дәдебаймен бірге ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің презентациясын тыңдап отыр. Тілшінің көзімен қарағанда, Ақорда сол күні таратқан, өзі жақыннан көрінетін басқа суреттерге қарасақ, Нұрасыл Медеудің киген киімі де, келбеті де сәйкеседі.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллект зерттеу университеті ашылатын орынға келіп отыр. Сәуір, 2026 жыл (Ғылым және жоғары білім министрлігі сайтындағы фото)
Дәл осы күні президент Жасанды интеллект университетінің ашылуы "ғылым саласы үшін маңызды оқиға болмақ" деп мәлімдеді.
– Алдағы уақытта жасанды интеллект және deeptech технологиясына қатысты тағы да 100 мың маман даярлауымыз керек. Биыл елімізде жаңа үлгідегі технологиялық білім ордасы – Жасанды интеллект университеті ашылады, – деді Тоқаев.
Президент бұл жаңалықты жұрт алдына шығып сөйлеген сөздерінде үнемі қосып отырады. Ал бұқаралық ақпарат құралдары оқу орны "Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен" құрылғанына айрықша мән береді.
Ғылым және жоғары білім министрлігі университетке "білім беру қызметімен айналысуға мемлекеттік лицензия заң талабына сәйкес берілгенін" айтады.
– Білім беру қызметін лицензиялау жөніндегі комиссия отырысының алқалы және жария шешімімен білім беру қызметімен айналысуға лицензия және лицензияға қосымша берілгенін атап өтеміз, – деді министрлік Азаттыққа берген жауабында.
Университет мемлекеттің білім, ғылым, жасанды интеллект саласындағы ресурстары мен экожүйесін пайдаланады. Alem.ai базасына жасанды интеллект бойынша білім беретін TUMO Astana және Tomorrow School орталықтары, ғылыми-зерттеу зертханалары, стартаптарды қолдау орталықтары, технологиялық компаниялар, Apple Training Center, GameDev Center және мемлекеттік басқаруға арналған AI-Driven Government жобасы кіреді. Нысан мен ондағы ресурсты пайдалану шарт, бұйрық, келісім негізінде жүзеге асып жатқаны беймәлім. Нұрасыл Медеу жеке инвестор ретінде қаржы құйып, күш салып жатыр ма, бұл да белгісіз.
QAIRU университетінің екінші акционері мемлекеттік QazExpoCongress компаниясы Азаттыққа университеттің 5 пайыз үлесіне иелік ететінін нақтылады. Бұған қарағанда оқу орнының қалған 95 пайыз үлесі Нұрасыл Медеуге қарайды.
ЖЕКЕ АКАДЕМИЯ ҚАЙТІП ҰЛТТЫҚ СПОРТ УНИВЕРСИТЕТІНЕ АЙНАЛДЫ?
Президент жиеншары Нұрасыл Медеу 2021 жылы Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы деген оқу орнын ашқан. 5 жыл бұрын ол 18 жасқа енді толған еді. Биыл бұл мекеме мемлекет ондаған млрд теңге қаржы жұмсап салған инфрақұрылымды пайдалануға мүмкіндік алды.
Астана маңындағы Қазақ ұлттық спорт министрлігі ғимараты.
Бірнеше жыл бойы Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы болып жұмыс істеп келген оқу орны осы жазда жаңа, алып кешенге кіріп, атауы Қазақ ұлттық спорт университеті деп өзгерді.
Астана мен Қосшы қалаларының ортасындағы бұл ғимаратты Туризм және спорт министрлігі салдырған. Спорт кешені, оқу корпусы және жатақханасы бар үлкен студенттер қалашығы. Кешен 2010 жылы Астанадағы Олимпиадаға даярлау орталығы деген атпен салына бастаған. 2015 жылы құрылысы тоқтап, 2017 жылы қайтадан жалғасқан. Мемлекеттік сатып алу порталындағы дерекке сүйенсек, оның құрылысына қазынадан шамамен 125 млрд теңге бөлінген.
Биыл жазда жаңа ғимараттың ресми ашылу салтанаты өтті. Нұрасыл Медеу оқу орнының негізін қалаған адам ретінде сөз сөйлеп, шетелдік және қазақстандық қонақтарды өзі күтіп алды. Олардың қатарында Халықаралық үстел теннисі және Кибер спорт федерацияларының президенттері бар. Университетке премьер-министр Олжас Бектенов келгенде де оған ғимаратты Нұрасыл Медеу таныстырған.
Қазақ ұлттық спорт университетінің ашылу салтанаты. Нұрасыл Медеу премьер-министр Олжас Бектеновке университетті таныстырып жүр. Астана, 2 шілде, 2026 жыл (үкіметтің баспасөз қызметі таратқан сурет)
Спорт министрлігінің дерегінше, қазір оқу орнының 5 пайызы ғана мемлекеттің еншісінде. Оған үкімет Спорт министрлігіне қарасты “Қазспортинвест” деп аталатын мекеме арқылы иелік етеді. Бұған қарағанда қалған 95 пайыз үлес Нұрасыл Медеудің иелігінде қалып отыр. Университет құрылтайшылығына мемлекет былтыр жаңа қонысқа кіруге дайындық басталғанда кірді. Оның алдында академия болып тұрғанда оқу орнына Нұрасыл Медеу 5 жыл жалғыз иелік еткен.
Спорт министрлігі "Ұлттық спорт университетінің объектілері мемлекет иелігінде" деп жауап берді. Мемлекеттің иелігіндегі барлық керек-жарағымен жабдықталған ғимарат оқу орнына сенімгерлік басқаруға берілген.
Спорт саласындағы университеттің құрылтайшысы боп отырған Нұрасыл Медеудің Спорт министрі Ербол Мырзабосыновпен де байланысы бар. Мырзабосынов 2021–2023 жылдары осы спорт академиясының ректоры болды. Яғни, құрылтайшы тағайындаған қызметкер. Кейін ол Спорт ісі комитетін бір жыл басқарды да 2024 жылдың қыркүйегінде президент жарлығымен министр қызметіне тағайындалды.
Солдан оңға қарай тұрған: Қазақстан күрес федерациясының президенті Еркін Оқасов, Нұрасыл Медеу, Халықаралық үстел теннисі федерациясының президенті Петра Сёрлинг және Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов (сурет Нұрасыл Медеудің Instagram парағынан алынды)
Университет кейін бес жыл ішінде білім беру саласында бірқатар мемлекеттік тапсырысты орындап келеді. Биыл наурыз айында Қаржы министрлігіне қарасты "Қаржы орталығынан" 1,3 млрд теңгеден астам қаражатқа мемлекеттік білім беру бойынша қомақты тапсырыс алған. 2021 жылы тіркелгеннен бері мемлекеттік сатып алу сайтындағы ақпаратқа сәйкес, шамамен жиыны 2,4 млрд теңгеден асатын көлемдегі тендерлерді ұтқан. Мұның бәрі негізінен кадр дайындау, жоғары білім беру бағытындағы тапсырыстар және конкурстың барлығы бір көзден берілген.
Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Азаттыққа берген жауабына сәйкес, былтыр оқу орнына "Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау" білім беру бағдарламасы бойынша 250 мемлекеттік білім беру гранты бөлінген.
Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, спорт университеті 2022 жылдан бері бюджетке 400 млн теңгеден астам салық құйған. Бұл сомаға қарап, Нұрасыл Медеудің қанша табыс тауып отырғанын тап басып айту қиын.
ЖИЕНШАРДЫҢ "ЖАУАБЫ"
LinkedIn парағындағы дерекке сәйкес, Нұрасыл Медеу биыл қыркүйекте Қытайдағы Фудань университетіне бизнесті басқару бойынша магистратураға түскен. 18 жасында бір жоғарғы оқу орнын, 23 жасында екіншісін ашқан ол 2020–2024 жылдар аралығында Бостон университетінде "есептеу техникасы" мамандығында оқып, бакалавр дәрежесін алған.
Нұрасыл Медеудің (оң жақта) АҚШ-тағы Бостон университетінде оқып жүрген кезі (сурет оның LinkedIn-дегі парағынан алынды)
Ол 2021 жылы АҚШ-та оқып жүріп, Қазақстанда Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясын қалай ашқан? Осы және өзге сұрақтарды өзінен сұрау үшін иелігіндегі университеттерге хат салдық. Заңда көрсетілген уақыттан асып кетсе де, жауап келмеді. Өзіне қоңырау шалдық. Азаттықтан екенімізді біліп, сұрағымызды аяғына жеткізбей қолы бос емесін айтты.
Азаттық сұрақ жібергеннен бірнеше апта өткен соң Нұрасыл Медеу мемлекеттік Qazsport телеарнасына жарты сағат сұхбат беріп, президент Тоқаевқа туыстығы мен екі университетке қатысты сұрақтарға жауап қатты. Қазақстандағы ондаған медиа оны жаңалық ретінде бөлісіп, пабликтер үзінділерін таратты.
Нұрасыл Медеу АҚШ-та оқып жүргенде Қазақстанда жоғарғы оқу орнын ашып, оқумен де, кәсіппен де айналысқанын растаған. Мұндай идея түрлі спортқа қатысып жүрген бала кезінде пайда болыпты. Ал 2021 жылы кәсіби мамандарды жинап іске кіріскенін айтады. Қазір мемлекеттің иелігіндегі ғимаратта отырсақ та, барлық жұмысты өзіміз атқарып отырмыз деген.
– Біз ғимаратты басқаруға қатысты белгілі бір міндеттемелерді мойнымызға алдық. Ең алдымен, ғимаратты ішін толтырып, қажетті қызметтерімен қамтамасыз етуіміз керек. Мұндағы жабдықтың барлығы Қазақ ұлттық спорт университетінің өз қаражаты есебінен алынған.
Сондай-ақ мамандарды жинап, команда жасақтау, ғимаратты басқару және оның дұрыс күтіп-ұсталуын қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Яғни, бір-екі жылдан кейін ғимараттың тозып, істен шығып қалмауы үшін жауап береміз, – деді ол бұл сұхбатта.
Нұрасыл Медеу ғимарат мемлекеттің иелігінде қала беретінін және коммуналдық шығын мемлекет тарабынан өтелетінін айтты.
Оның сөзінше, Жасанды интеллект зерттеу университетін құруға президент бастама көтергеннен кейін кіріскен. Бірақ мемлекеттік Alem.AI орталығын қандай шарттар негізінде пайдаланатынын және осы мүмкіндікке қалай қол жеткізгенін ашып түсіндірмеген. Барлығы нарыққа сай, көпке ортақ талапты орындау арқылы жасалды деп жауап берген.
– Мемлекет басшысының QAIRU (QAIRU – Qazaq AI Research University) ашу туралы тапсырмасын естіген кезде нарық жағдайын ескеріп, мұны үлкен мүмкіндік деп қабылдадым. Бұл – жасырын нәрсе емес. Менің ойымша, біз нарықтық шарттар негізінде жұмыс істедік. Бағдарлама әзірлеу жұмыстарымен айналысқан командамызды қоса алғанда, бір топ маманды жинап, тұтас команда жасақтадым, – деп түсіндіреді президент туысы.
Сұхбатта Нұрасыл Медеу президент Тоқаевпен туыстығы "ешқандай артықшылық бермейтінін" екі рет атап өткен. Әрі ондағй сөзге ешқандай негіз жоқ деген. Бірақ "бұл отбасында туғанына ризашылық танытып, осындай мүмкіндігі барын" да жоққа шығармайды.
Ашылуына президент Тоқаевтың өзі мұрындық болған, бюджеттен қаржы алатын және мемлекетке қарасты Alem.AI кешенінде отыратын университеттің екі қожайынының бірі елдегі бірінші адамның туысы болғаны мүдде қайшылығы туралы сұрақ туғызбай ма? Шешім қалай қабылданды? Бұл сауалды Қазақстан президенті әкімшілігіне жолдадық. Алайда Ақорда хатты Ғылым және жоғары білім министрлігіне бұрып жіберді. Министрлік кері хат салғанымен, бұл сұраққа ешқандай жауап бермеді. Осындай мәндегі сұрақтар Бас прокуратураға да жолданды. Әдетте әр сауалға жауап беруге тырысатын органнан бұл хатқа ресми жауап келмеді.
ЖАС КӘСІПКЕР НҰРАСЫЛ
Қазақстан президентінің 13 жыл бойы Қазақстанның үстел теннисі федерациясын басқарғаны белгілі. Нұрасыл нағашы атасы Қасым-Жомарт Тоқаев тәрізді үстел теннисіне әуес. Оның бастамасымен Астанада Nomad Table Tennis деп аталатын академия құрылған.
Нұрасыл Медеу бұл ұйымды Қазақ ұлттық спорт университеті арқылы басқарады. Академия мемлекетпен тығыз жұмыс істейді. Былтыр спорт министрлігімен бірге президент кубогы жарысын өткізген. Биыл да үстел теннисінен WTT Star Contender деген халықаралық турнир ұйымдастырды. Туризм және спорт министрлігі бұл ұйым жарысты Қазақстанның имиджін көтеру үшін өткізетінін айтады.
Нұрасыл Медеу екі университеттегі үлесінен бөлек Nomad үстел теннисі академиясының иесі (сурет Нұрасыл Медеудің Instagram парағынан алынды)
LinkedIn желісіндегі парағында жазылған өмірбаянында өзі көрсеткендей, Нұрасыл Медеудің жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейінгі еңбек жолы цифрлық платформалар әзірлейтін BTS Digital мекемесімен түйісті. Мұнда бір жыл бас директордың кеңесшісі болып қосымша істеген. Қазір Халықаралық киберспорт федерациясында ұйымды дамыту жөніндегі директор қызметін қоса атқарады.
Нұрасыл Медеудің атында 2025 жылға дейін Apriсus деген бағдарламалық код әзірлеу, тестілеу саласында жұмыс істейтін кәсіпорын болған. Қазір мұның құрылтайшысы – Nova Holdings PTE LTD деген сингапурлық компания.
“Астана” халықаралық қаржы орталығының дерегінше, Energy & Chemicals Ltd деген тағы бір компания Нұрасыл Медеу есімімен байланысты. Ұйым Нұрасыл Медеу есімді адамды екі акционердің бірі ретінде көрсеткен. Energy & Chemicals Ltd тамақ өнімдері, сонымен бірге металл кенін өндіру және байытумен шұғылданады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұл компанияның жер қойнауын пайдалану бойынша ешқандай лицензия, келісімшарты жоқ екенін хабарлады.
Дана Медеуова, "Әділет" партиясынан сайланған Құрылтай депутаты. Қазақстан парламенті сайтында жарияланған фото
Нұрасыл Медеудің анасы, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиені Дана Медеуова биыл қоғам алдына шықты. Ол маусымда құрылған “Әділет” партиясының саяси кеңесі құрамында.
Бұл саяси ұйымды Ақордадан Тоқаевтың тапсырмасымен қоғамдық-саяси қызметке кеткен Айбек Дәдебай басқаратыны, құрамына елдегі ең ірі "Аманат" партиясын қосып алғаны мәлім.
Азаттық осы зерттеуде аталған екі университет аясындағы сауалдарды қою үшін Дана Медеуоваға бағыттап Құрылтай кеңсесіне хат салды. Келген жауапта қойылған сұрақтағы "мәселенің Құрылтай құзыретіне кірмейтіні" жазылған.