Түркістан облысының заманауи ипподромы; 2024 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында жаңа сипат алған "Қазанат" атшабары; Президент іс басқармасына қарасты атқора мен бәйге алаңы; Қызылордадағы 11 мың жанкүйерге шақталған "Қайсар арена" футбол стадионы; күрделі жөндеуге екі жылға жабылған "Медеу" мұз айдыны – шығыны миллиардтап саналатын бұл нысанның бәрінің құрылысын "ВД Строй-инжиниринг" деген жеке компания жүргізген немесе жүргізіп жатыр. Компания кейінгі жылдары құрылыс саласындағы ірі ойыншыға айналды.
Your browser doesn’t support HTML5
Табысы артқан компания артында президенттің жиендері тұр ма? Азаттық зерттеуі
ДАУДЫҢ БАСЫ – ПРЕЗИДЕНТТІҢ АТҚОРАСЫ
Былтыр Астана ортасында орналасқан атқора төңірегінде еңбек дауы шықты. Атқора Президент іс басқармасына тиесілі. Оның құрылысына араласқан кәсіпкерлер мен жұмысшылар "еңбекақымызды ала алмай жүрміз" деп шағынған еді. Осы тұста Ақордамен келісімшартқа отырған бас мердігер "ВД Строй-инжиниринг" екені айтылды. Бірақ келіспеушілік жұмысшылар мен қосалқы мердігерлер арасында туғаны мәлім болды. Десе де президент іс басқармасынан қомақты тендер алып отырған бас мердігер қоғам назарына ілікті. Қосалқы мердігер компания өкілдері биыл журналист Ботагөз Омароваға сұхбат беріп, "ВД Строй-инжинирингтің" артында президенттің туыстары тұр деп естігенін айтты.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Президент іс басқармасына қарасты атқорада. Сурет tokayev_online Instagram-парақшасынан. 3 мамыр, 2026 жыл.
Кейін осы компанияның шенеуніктерге қатысы жөнінде зерттеу жүргізген журналист Ботагөз Омарова "жалған ақпарат таратты" деген айып арқалады. Оны Астана соты екі айға үйқамаққа жіберген. Сот нақты қай материалына назар аударып отырғанын жариялаған жоқ. Омароваға президенттен араша сұраған әріптестері "оны полиция әуелде президенттің атқорасы туралы материалы үшін әңгімелесуге шақырған" дейді. Омарованың өзі де 8 наурыз қарсаңында "ВД Строй-инжиниринг" компаниясынан сотқа дейінгі талап-арыз алғанын жазған.
ҚҰЖАТТАРДАҒЫ ІЗБАСТИНДЕР ІЗІ
"ВД Строй-инжинирингтің" өз сайтындағы ақпаратқа қарағанда құрылыста 20 жылдан астам уақыт тәжірибесі бар. Egov порталына жүгінсек, мекеме бастапқы 15 жыл, яғни 2004–2019 жылдар аралығында Шиллер Денис Анатольевич деген бір адамның қолында болған. Ол кезеңдегі салығы көп емес, кей жылдары нөлге тең.
2019-дан кейін кәсіпорында құрылтайшылар тез-тез ауысып, мемлекет қазынасына ақша аударымы лезде артып, тіршілігі қайнады. Шиллердің қасына Иванова Галина Павловна деген екінші қожайын қосылған осы жылы 25 млн теңге салық төлепті.
2020 жылы компанияның алдыңғы басшылығы кетіп, орынына Терехов Михаил Александрович пен Өміржанова Бағдат Байтұрсынқызы келді. Қызық осы жерден басталады. Бір кезде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарындасы Қарлыға Ізбастина иелік еткен компанияларға қазір осы Бағдат Өміржанова директор болып отыр.
2007-2010 жылдары Қарлыға Кемелқызы Ізбастинаның Алматыда KZK Group деген сауда-саттықпен айналысатын кәсіпорны болған. Кейін өзі құрылтайшылықтан кетіп, орынын WORLD TRADE NETWORK S.A деген Панамада тіркелген офшор компания басты. Бағдат Өміржанова осы компанияда қазір бірінші басшы қызметін атқарады. Панамалық компанияның түпкі иесі құпия. Қазір Ізбастиндерге қатысы бар-жоғы бізге белгісіз.
Ізбастиндер мен Өміржановаға қатысты және бір мәлімет бар. 2019 жылғы дерекке сай, Бағдат Өміржанова басшы болған KZ DEVELOPMENT деген мекеме Алматыда Желтоқсан көшесі, 166-үй, 74-кеңседе тіркелген. Ал қожайыны – жоғарыда айтқан панамалық WORLD TRADE NETWORK S.A. Дәл KZK Group-тікі сияқты. Бұл компания 2005 жылы Қарлыға Ізбастинаға тиесілі болған. Сол кезеңдегі бірінші басшы – оның кенже ұлы, қазір Қазақстанның ірі мұнай жобалары бойынша үкіметтің өкілеті бар PSA компаниясының бас директоры болып отырған Бекет Ізбастин. Ашық деректерге сәйкес, Бағдат Өміржанованың кемі 5 компаниясы дәл осы мекенжайда – Желтоқсан көшесі 166-үй, 74-кеңседе тіркелген. Азаттық тілшісі кеңсенің есігін қақты. Есікті ашқан азаматпен арадағы диалог былайша өрбіді:
– Бағдат Өміржановамен сөйлесуге бола ма?
– Ол жоқ, Көкшетау жаққа іссапармен кетем деген.
– Байланыс нөмірін бере аласыз ба?
– Ештеңе бере алмаймын.
– Электронды поштасын ше?
– Ештеңе.
Есік ашқан адам бұл кеңседе бірнеше компания барын айтты. Басқа ақпарат бермеді. Тілші бірнеше күннен кейін қайта барғанда да осы адам шығып, Өміржанова жоқ екенін қайталады. Азаттық журналисі қалдырған байланыс нөміріне ешкім қайыра хабарласпады.
68 жастағы Қарлыға Ізбастина мен күйеуі дипломат, Қазақстанның Болгариядағы бұрынғы төтенше және өкілетті елшісі Теміртай Ізбастиннің бір қыз, үш ұлы бар: Дана Медеуова, Қаныш Ізбастин, Мұхаммед Ізбастин және Бекет Ізбастин.
Үйдің үлкені, кәсіпкер Дана Медеуованы "ВД Строй-Инжинирингтің" табысы арта бастаған 2020-2023 жылдары құрылтайшы болған Бағдат Өміржановамен байланыстыратын да дерек бар.
Ашық дереккөздерге зер салсақ, 2021 жылы Астананың Сауран көшесі, 42/1 мекенжайында "Сал сері" деген атауы бірдей екі компания тіркелді. Egov дерегі бойынша, оның біріне – Бағдат Өміржанова, екіншісіне Дана Медеуова құрылтайшы болды.
Енді "ВД Строй-инжинирингтегі" өзгерістерге оралайық. 2021 жылдың қарашасында Өміржанованың қасына компания қожайындары толығып, директор ауысты. Ellington City Tourism Ltd деп аталатын компания – құрылтайшы, ал Рустам Қарағойшин бірінші басшы ретінде қосылды. Астанада тіркелген Ellington City Tourism Ltd-ның артында сингапурлық компания тұр. Оның түпкі иесі кім екені белгісіз.
Бұл кәсіпорын Астананың Ұлы дала – Шыңғыс Айтматов көшелерінің қиылысында Ellington mall деген үлкен сауда үйін салып жатқаны белгілі. Оған "ВД Строй-инжиниринг" те қатысқан болуы ықтимал. Себебі аталмыш сауда үйінің құрылысына қажет мың тоннадан астам металды өңдеу үшін "ВД Строй-инжиниринг" Қарағанды облысындағы "№2 Теміртау Қазмеханомонтаж" зауытына тапсырыс берген. Мұны зауыттың өзі сайтында жазды.
Енді жаңа директор Рустам Қарағойшинге тоқталайық. Ол – қазір "Бәйтерек" ұлттық холдингінің басқарма төрағасы. Бұрын да осы холдингте және мемлекетке қарасты өзге мекемелерде істеген. Бір қызығы, өмірбаянының біршама бөлігі президенттің жиені, Ізбастиндер отбасының екінші баласы Қаныш Ізбастинмен сәйкес келеді. Ізбастин "БРК-Лизинг" компаниясына төрағалық еткенде (2008–2012), Қарағойшин оның командасында болған (2007–2011). Олар "ҚазАгроФинанста" төрт жыл "бірінші басшы (2015–2021) – орынбасар (2015–2019)" ретінде тізе қосып еңбек етті. Екеуінің жолы елдегі ірі қаржы институты – "Бәйтерек" ұлттық холдингінде де бірнеше ай түйіскен: Ізбастин – бірінші орынбасар (2021 – 2022), ал Қарағойшин – Басқарма төрағасының орынбасары (2019 – 2021).
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшинді қабылдады. Сурет aqorda_resmi телеграм-арнасынан алынды. 23 желтоқсан, 2025 жыл.
Қызмет жолын мемлекеттік мекемеден бастаған Рустам Қарағойшин арасында жеке бизнесін де жүргізген. Ол Forbes Kazakhstan журналының 2023 жылғы рейтингінде Қазақстандағы ықпалды 50 адамның ішіне кірді.
Ізбастиндермен бір кезеңде әріптес, істес болған Қарағойшин, Өміржанова және түбі сингапурлық Ellington City Tourism Ltd компаниясы "ВД Строй-инжинирингтің" басшылығынан 2023 жылғы шілдеде кетті. Кейінгі айларда олардың жанына Әкімбаев Сәбит Сәрсембайұлы деген адам қосылып, құрылтайшылықтан бірге шықты. Азаттық "Рустам Қарағойшиннің "ВД Строй-Инжинирнгті" басқаруының сізбен әріптес болуымен байланысы бар ма?" деп Қаныш Ізбастиннің WhatsApp мессенджеріне хат жолдады. Әзірге жауап келмеді.
КЕЙІНГІ ӨЗГЕРІСТЕР
Осыдан соң құрылыс компаниясы Арман Жаркеев деген кәсіпкердің қолына өтті. Тағы бір бизнесмен Азамат Өсімбеков директор болып бекіді. Жаркеев бір жылдан кейін басқа жұмысқа ауысып, 2025 жылдың желтоқсанына дейін Өсімбеков әрі директор, әрі құрылтайшы болып жалғыз қалды.
Ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша, Өсімбеков Азамат Есентайұлы Ұлттық садақ ату федерациясында жетекші.
"ВД Строй-инжинирингтегі" ауыс-түйіс мұнымен бітпейді. Енді ақырғы өзгерістерге тоқталамыз.
Қазір Өсімбековпен бірге Оқасов Еркін Қадырғалиұлы және Mantarys Capital Group деген компания құрылтайшылар қатарына еніп отыр. Еркін Оқасов Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті. Ал Mantarys Capital Group компаниясы кәсіпкер, Ақтөбе қаласы әкімдігі жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі Асқар Құлтасбаевқа тиесілі.
“ВД Строй-инжиниринг” компаниясы құрылтайшыларының бірі Еркін Оқасов (сол жақта) премьер-министр Олжас Бектеновтен "Алтын сапа" сыйлығын алып тұр. 8 желтоқсан, 2025 жыл. Сурет “ВД Строй-инжиниринг” компаниясының Instagram-парақшасынан алынды.
Adata сайтының мәліметінше, "ВД Строй-инжиниринг" 2020 жылдан бері бюджетке 8,6 млрд теңге шамасында салық төлеген. Ең көбі 2025 жыл – 4,6 млрд теңге. Бұл сома кәсіпорынның өзі үшін рекорд.
"ВД Строй-инжиниринг" 2025 жылы президенттің үздік кәсіпорындарға беретін "Алтын сапа" cыйлығын алды. Өз сайтында 34 жобаны тәмамдап, қазір бір мезетте 23 нысанның құрылысымен айналысып жатқанын көрсетеді.
"ВД Строй-инжиниринг" бізге белгілі жобалары:
- Түркістан облысындағы құны 13 млрд теңгелік заманауи ипподром
- 2024 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында Eurasian Resources Group компаниясының қолдауымен жаңа сипат алған "Қазанат" атшабары
- Президент іс басқармасының тапсырысымен жөнделген атқора мен бәйге алаңы
- Қызылордадағы 11 мың жанкүйерге шақталған, 26,5 млрд теңгеге жобаланған "Қайсар арена" футбол стадионы
- Астана бюджетінен 4,7 млрд теңге бөлініп, жөнделген "Жерұйық" саябағы
- Күрделі жөндеуге екі жылға жабылған, қазынадан шамамен 15 млрд теңге жұмсалатын Алматыдағы "Медеу" мұз айдыны
- Қаржы көзі нақты қайдан екені айтылмаған Алматыдағы ішкі істер министрлігі академиясының жаңа ғимараты
- Семейде KAZ Minerals компаниясының қолдауымен тұрғызылатын футбол стадионы. Бюджеті – 15 млрд теңге.
- Алматыда салынатын 35 мың жанкүйерге арналған жаңа алып стадион құрылысына жауапты ретінде де "ВД Строй-инжиниринг" таңдалды
Бұған қоса, Азаттықтың ақпараты бойынша, "ВД Строй-инжиниринг" компаниясы Алматы метросын "Барлық" базарына дейін жалғастырып салуы мүмкін төрт компанияның арасына енгені туралы мәлімет бар. Онда кәсіпорын қытайлық компаниямен тізе қосып жұмыс істейтіні жазылған. Мұның мән-жайын сұрағанымызда қала билігі тендер әлі өткізілмегенін, қандай да бір мердігер анықталмағанын хабарлады. Тағы бір ақпарат: спорт басылымдары "ВД Строй-инжиниринг" компаниясы елдегі титулы көп "Астана" футбол клубын сатып алғалы жатыр деген жаңалық таратты. Кейін клуб басшылығы бұл мәліметті теріске шығарды.
Қызылорда қаласындағы жаңа футбол стадионы. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және оның оң жағында "ВД Строй-инжиниринг" компаниясы құрылтайшыларының бірі Еркін Оқасов. 30 қазан, 2025 жыл. Сурет aqorda_resmi телеграм-арнасынан алынды.
Одан өзге компания инстаграмдағы парақшасында Aspan Holdings деген компанияның жұмыстарын өз жобасы ретінде атап көрсеткен. Мәселен, Aspan Holdings Түркістан облысында 300 адамдық аурухана салып жатыр. Оны "ВД Строй-инжиниринг" "біздің жоба" деп атаған. Одан бөлек компания Атыраудағы 12 мың адамға шақталған стадионның жұмысына да қатысып жатқан болуы мүмкін. "Ақжайық" газетінің жазуынша, ондағы құрылыстың мердігері де – Aspan Holdings. Бізге Aspan Holdings-тің былтыр Ақорда, үкімет пен парламент үйлерінің арасындағы аллеяны жөндеп, плиткаларын айырбастағаны мәлім. Қызылордада 20 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген "Қызылорда арена" көпфункциялы спорт кешенін де осы компания салып жатыр. "ВД Строй-инжиниринг" пен Aspan Holdings-ті байланыстыратын тағы бір деталь: екеуінде де 2023 жылы Әкімбаев Сәбит Сәрсембайұлы құрылтайшы болған. Қазір Aspan Holdings-тің иесі басқа адам болса да, оның жобаларын "ВД Строй-инжиниринг" өзінікі деп көрсетуінің себебі бізге беймәлім.
Қызылорда қаласындағы жаңа драма театр құрылысын бастау рәсімі. Суретте Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың (ортада) сол жағында "ВД Строй-инжиниринг" компаниясы құрылтайшыларының бірі Азамат Өсімбеков тұр. 21 сәуір, 2026 жыл.
Азаттық компанияның өзіне, құрылтайшысына және Қазақстан президенті әкімшілігіне бірнеше сауал жолдады. Онда кәсіпорынды әр жылдары басқарған адамдардың президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туыстарымен бизнес-серіктес, әріптес болғаны олардың қомақты мемлекеттік тапсырыстарды ұтып алуына ықпал етпеді ме деп сұрады. Әзірге жауап келген жоқ.
Азаттық компанияға иелік еткен адамдардың президент жиендерімен бизнестегі байланысы болғанын анықтай алса да, дәл сол тұлғалар қазір "ВД Строй-Инжинирингтің" артында тұр деп кесіп айтудан аулақ. Біз бұл материалда аталған тұлғалар, компаниялар тарапынан жауап болса, тілдесіп, тараптар пікірін тыңдауға дайынбыз.