Мемлекеттік дума жетекшісі "пасықтық жасады" деп Пашинянға шүйлікті

Армения премері Никол Пашинян және Ресей мемлекеттік думасының жетекшісі Вячеслав Володин. Сәуір, 2022 жыл.

Ресей мемлекеттік думасының жетекшісі Вячеслав Володин "пасықтық жасады" деп Арменияның премьер-министрі Никол Пашинянға шүйлігіп, "Ресейге достық ниет танытпай отырғанын" жеткізді.

Бұған жуырда Армения парламентінің Еуроодаққа кіру процесін бастау туралы заңды қабылдауы және Владимир Путинді тұтқындауға ордер берген Халықаралық қылмыстық соттың юрисдициясын мойындауы түрткі болған.

"Арменияда болып жатқан процестерге үнсіз қарап отыра алмаймыз" деп жазды Володин. Ол Украина мен Армениядағы оқиғалардың дамуынан параллель келтіріп, Пашинян "Ресейді құртқысы келетін" Ресейге дос емес елдерге қарай таңдау жасады" деп санайтынын жеткізді.

Ереван әзірге бұған реакция білдірген жоқ.

Ресей билігі кейінгі кезде Армения басшылығы мен Пашинянды жиі сынай бастаған. Атап айтқанда, Украина президенті Владимир Зеленскийдің Арменияға жақында жасаған сапары кезіндегі мәлімдемелері, сонымен бірге ЕО-ға жақындағаны үшін сыналған.

Ресей басшысы Владимир Путин жақында Армения Еуразия экономика одағында (ЕАЭО) қалу немесе Еуроодаққа қосылу қажет пе деген мәселе төңірегінде референдум өткізуіне болатын еді деп айтқан. Ол Украинамен параллельдер келтіріп, Украинаның мәселесі (Ресей басқыншылығы да бар) "Еуроодаққа ұмтылудан басталған еді" деген.

Арменияның өзінде қазір сайлауалды кампания жүріп жатыр. Пашинянның жақтастарымен бірқатар оппозиция күштері тартысып жатыр. Жұма күні Армения ұлттық қауіпсіздік қызметінің өкілдері "Арменияның анасы" партиясының кеңсесі, партия жетекшісі Андраник Теванян мен парламент депутаты Мартун Григорянның пәтерлеріне тінту жүргізген. Бұл жөнінде Азаттықтың Армян қызметі хабарлады.

Екеуі де "Гүлденген Армения" партиясының депутаттығынан үміткер. Тізімде екінші тұрған Теванян 2024 жылы қыркүйекте "ДХР" атпен белгілі аумаққа барған және ресейшіл көзқарастарымен танылған. Теванянға қарсы Арменияда 21 мамырда "мемлекетке сатқындық жасау" және "тыңшылық" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.Тергеу болжамынша, Теванянды "шетелдің арнайы қызметі өздеріне тартқан".

Бұған дейін Арменияның тергеу комитеті "Мықты Армения" блогының депутаттығынан үміткер Нарек Карапетянға қарсы қылмыстық іс ашқан. Тергеу органдары Карапетян өзінде Ресей азаматтығы барын жасырған. Үміткер мұны жоққа шығарады.