Михаил Федоров Украина қорғаныс министрі лауазымынан басқа қызметке бармайтынын айтты

Михаил Федоров

Украинаның бұрынғы қорғаныс министрі Михаил Федоров өзіне ел президенті Владимир Зеленский ұсынған өзге қызметтерден бас тартатынын, тек қорғаныс министрі болуға келісетінін мәлімдеді.

Федоров түрлі қызмет ұсынғаны үшін президент Зеленскийге алғысын білдірді, бірақ қазіргі уақытта майдандағы әскери қызметкерлерден басқа, Ресеймен арада болып жатқан соғыстың барысына шынымен өзгеріс енгізуге қабілетті үш қана лауазым барын атап айтты: Украина президенті, қорғаныс министрі және Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы. Федоровтың бұл пікірін Азаттықтың Украин қызметі келтірген.

Мұның алдында, 23 шілде күні президент Зеленский бұрынғы қорғаныс министріне жаңа үкімет құрамында қызмет ұсынғанын айтқан. Киевте Ирландия премьер-министрі Майкл Мартинмен бірге өткізген баспасөз мәслихатында Зеленский Федоровтың "командада" қалатынын және оған бірнеше лауазым ұсынғанын мәлімдеген.

"Кездесуіміздің егжей-тегжейіне тоқталмай-ақ айтайын, ең кейінгі ұсынғаным - премьер-министрдің әскери инновациялар жөніндегі орынбасары лауазымы. Және де бұл өте маңызды, өйткені инновацияларды Қорғаныс министрлігі басшылығымен, армиямыздың бас қолбасшысымен, Бас штабпен және президентпен арада үйлестіру болу керек", – деді Зеленский.

Бұған дейін Украина президенті бұрынғы қорғаныс министріне "биліктен мемлекеттің технологиялық құрамдас бөлігін біріктіруге және оның дамуына мүмкіндік беретін лайықты қызмет" ұсынғанын мәлімдеген.

Ал бұл кезде Украинада 35 жастағы Михаил Федоровты қорғаныс министрі қызметіне қайта тағайындауды талап еткен жұрт наразылық акциясын жалғастырып жатыр.

Өткен аптада қорғаныс министрі қызметінен босатылғаннан кейін Федоров Украина қарулы күштерінің сол кездегі бас қолбасшысы Александр Сырскийді қатты сынға алған. 60 жастағы генерал Сырскийдің әскери қолбасшы ретіндегі, соның ішінде Киев операциясы кезіндегі жетістіктерін атап келе, Федоров "басқару жүйесі өзгерді және біз сол кездегімен енді жүре алмаймыз" деп мәлімдеген. Федоров пен Сырский өзара келіспей қалған деген әңгімелер айтылған.

Жақында Владимир Зеленский Украина қауіпсіздік қызметінің (СБУ) бұрынғы басшысы Евгений Хмараны қорғаныс министрі міндетін атқарушы етіп қойды. Бұған қоса президент Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырскийді қызметінен босатып, оның орнына 43 жастағы генерал Михаил Драпатыйды тағайындады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Зеленский Драпатыйды Украина әскерінің бас қолбасшысы етіп тағайындадыЕвгений Хмара Украинаның қорғаныс министрі міндетін атқарушы болып тағайындалдыКиевте мыңнан астам адам Федоровтың отставкасына қарсылық білдірдіЗеленский мен Сырский Федоровтың отставкасы жайлы пікір білдірдіМихаил Федоров Украинаның қорғаныс министрі қызметінен кететінін растады