Михаил Федоров Украинаның қорғаныс министрі қызметінен кететінін растады

Михаил Федоров

Украинаның қорғаныс министрі Михаил Федоров 15 шілде күні кешке әлеуметтік желіде осы лауазымдағы қызметін қысқаша қорытындылап, отставкаға кететіні жайлы тараған хабарларды іс жүзінде растады.

"Украина халқына қорғаныс министрі ретінде қызмет еткенім мен үшін зор құрмет болды", – деп жазды Федоров. Ол өз командасы қол жеткізген жетістіктер қатарында Ресей әскерін Starlink байланысынан ажыратуды атады. Федоров SpaceX компаниясының бас директоры Илон Маскқа тікелей хабарласып, Starlink спутник байланысын ресейліктер заңсыз пайдаланып жатқанын айтқан. Бұдан соң компания, украиналық және ресейлік сарапшылардың пікірінше, Ресей әскерінің бұл технологияны пайдалануын айтарлықтай қиындатқан шаралар қабылдаған, соның нәтижесінде Украина ең алдымен дрон қолдану саласындағы позициясын нығайтқан.

Бұған қоса Федоров орта қашықтықтағы және алыстағы нысаналарға шабуыл жасау үшін дрондар сатып алынғанын, сондай-ақ "логистикалық оқшаулау" деп аталатын операцияны атап өтті, ол операция барысында Украина әскері Ресей аннексиялап алған Қырымның логистикасын айтарлықтай әлсіреткен.

Михаил Федоров сонымен қатар сәтсіздіктерді де атап өтті.

"Өзгерістерге кедергі келтірген адамдарды жұмыстан шығаруда батылырақ болу керек еді", – деп жазды ол. Федоров қорғаныс министрі қызметінен кеткеннен кейін қандай лауазым атқара алатынын айтқан жоқ.

Бұған дейін украиналық басылымдар Михаил Федоров пен Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырский бір-бірімен дүрдараз екенін айтып, министрді отставкаға жіберу туралы шешімге осы әсер еткен болуы мүмкін деп хабарлаған.

"Украинская правда" басылымының дереккөздері Федоровтың қызметінен кетуіне оның Сырскиймен араздығы себеп болғанын президент Владимир Зеленский "Слуга народа" фракциясының отырысында растаған дейді. Ішкі істер министрі Игорь Клименко енді қорғаныс министрі лауазымына ұсынылуы мүмкін деген хабар тарады. Ал Федоров "президент командасында қалады" және жаңа лауазым алады деген болжам айтылды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Дрон соғысы, AI және қорғаныс жүйесі. Defense One редакторының сұхбаты