Министр Балаева жаңа Конституция жобасы сөз еркіндігін шектейді дегенге келіспейді

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Конституцияға енгізуге ұсынылып отырған өзгерістер сөз еркіндігін шектемейтініне сенімді екенін мәлімдеді. Министр мұны сенбі, 7 ақпан күні конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында айтты деп жазды Vlast.kz басылымы.

"Негізгі қағида өзгеріссіз қалады – сөз еркіндігіне кепілдік беріледі және цензураға тыйым салынады. Сөз еркіндігі қоғамның басты құндылықтарының бірі, алайда оның құқықтық шеңбері бар. Бұл шектеулер пікір білдіруге емес, қоғамға қауіпті мақсаттарды насихаттауға қатысты", – деген Аида Балаева.

Оның айтуынша, мұндай шектеулер конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге үндеуге, ұлттық қауіпсіздікке қол сұғуға, кемсітуге негізделген алауыздық қоздыруға және осындай әрекеттерге ашық түрде шақыруға немесе арандатуға қарсы бағытталған.

Бұған дейін Құқықтық медиа орталығы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеуінде қазіргі Конституциядағы сөз еркіндігіне кепілдік беретін және цензураға тыйым салатын 20-бабын сақтап қалуды, оны жаңа Конституция жобасындағы 23-баппен алмастырмауды сұраған.

Ұйым өкілдері қазіргі негізгі заңдағы бұл норма құқықтық тұрғыдан нақты әрі қысқа жазылғанын және Конституцияның бостандықтар мен кепілдіктерді бекітетін құжат ретіндегі табиғатына сәйкес келетінін айтқан. Ал енгізуге ұсынылып отырған өзгертулер Конституцияға салалық құқықтық реттеуге тән нормаларды енгізіп, азаматтық және қылмыстық заңдарда бұрыннан бар нормаларды қайталайды деген. Құқық қорғаушылар бұндай өзгертулер бұқаралық ақпарат құралдарына қысым мен өзіндік цензураны күшейтуі мүмкін деп есептейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстандық журналистер Тоқаевтан Конституцияның 20-бабын сақтап қалуды сұрады