АҚШ президенті Дональд Трамптың шетелде дата-орталықтар салғаны үшін америкалық компанияларға айыппұл салу ниеті туралы мәлімдемесі Қазақстандағы "Дерек өңдеу орталықтары алқабы" (Data Center Valley)жобасының іске асырылуына әсер етпейді. Бұл туралы 24 қарашада үкіметтегі брифингте Қазақстанның жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Қазақстан америкалық технологияны пайдалана отырып, дата-орталықтар салумен өз бетінше айналысады. Мәдиев әзірге Вашингтон тарапынан жобаның жүзеге асуына кедергі келтіретіндей ешқандай шектеулер енгізілмегенін айтты.
"Әзірге бұл АҚШ президенті деңгейіндегі мәлімдеме ғана. Жаңа сын-қатер туындайтындай экспорттық бақылау аясындағы қандай да бір нақты реттеуші норма немесе ережелердің өзгергенін байқаған жоқпыз", — деді министр.
Қазақстанның технологиялық серіктестері ретінде жобаға америкалық Nvidia және Firebird AI компаниялары қатысады.
Штаб-пәтері Сан-Францискода орналасқан Firebird AI жасанды интеллект үшін есептеу инфрақұрылымын құруға маманданған. 2026 жылдың тамызында компания Арменияның Раздан қаласында алғашқы дата-орталығын іске қосты, ал қазан айында Қазақстандағы инфрақұрылымды дамыту үшін Nvidia-ның 45 мың графикалық процессорына қол жеткізгенін хабарлады.
Бұған дейін Трамп Қытаймен технологиялық бәсекені алға тартып, америкалық технологиялық компанияларды АҚШ-тан тыс жерде дата-орталық салғаны үшін ірі айыппұл салу керегін айтқан.
2026 жылдың маусымында Қазақстан үкіметі, Firebird AI және Nvidia Қазақстанның Павлодар облысындағы Екібастұз қаласында "ДӨО алқабын" құру туралы келісімдер пакетіне қол қойған, оның жалпы қуатын болашақта бір гигаватқа дейін жеткізу жоспарланған.