Министрлік: Астанада донор үш пациентке өмір сүруге мүмкіндік берді

Денсаулық сақтау министрлігінің сайтынан алынған сурет. 11 қыркүйек 2026 жыл.

Астанада донор бірден үш пациентке өмір сүруге мүмкіндік берді деп хабарлады Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі.

“Донорлық процесс барысында жүрек, өкпе және бауыр алынды. Бұл ағзалар трансплантаттау кезегінде тұрған пациенттерге трансплантаттау үшін көзделген” деп жазылған министрліктің хабарламасында.

Ведомствоның айтуынша, осындай әр жағдайдың ар жағында “дәрігерлердің, реаниматологтардың, трансплантологтардың, донорлық үйлестірушілердің, санитариялық авиация мамандарының және басқа да көптеген медицина қызметкерлерінің орасан зор еңбегі тұр”.

“Алайда ең алдымен, бұл – ең қиын сәтте отбасының қабылдаған шешімі. Денсаулық сақтау министрлігі донордың туыстарына көрсеткен батылдығы мен адамгершілігі үшін шынайы алғысын білдіреді” деп жазды министрлік.

Ресми мәлімет бойынша, жыл басынан бері Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі 132 әлеуетті донор анықталып, 205 трансплантаттау жасалған. Министрліктің хабарлауынша, былтыр 18 донорлық процесс жүріп, трансплантация “айтарлықтай ұлғайған”.

“Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есе көп. Ал трансплантаттау саны үш есеге жуық артып, 68-ге жетті. Салыстырмалы түрде алғанда, 2023 жылы 19 ағза, 2024 жылы 23 ағза трансплантатталған болатын. 11 қыркүйектегі жағдай бойынша 13 мультиағзалық донорлық процесс жүргізілді. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан 42 трансплантаттау жасалды: 14 бүйрек, 9 бауыр, 11 жүрек, 4 өкпе және 4 мөлдір қабық. Бұл – артында нақты адамдар мен олардың отбасылары тұрған көрсеткіштер” деп жазды министрлік.

Қазақстанда қайтыс болған адамның донор бола алатыны жазылған "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс 2020 жылы күшіне енді. Кодекс қоғамда дау тудырып, қызу талқыланды.

Кейбір мамандардың айтуынша, дегенмен қоғамда әлі де қайтыс болғаннан кейін донор болуға қатысты сенім аз. Азаттық бірнеше жыл бұрын “Қазақстандықтардың өлгеннен кейін донор болудан қорқуының себебі не?” мақаласында соның себебін талдап көрген еді. Отандық медицинаға сенімнің төмендігі мен елдегі жемқорлық деңгейі азаматтарды өлгеннен кейін донор болудан ресми түрде бас тартуға итермелеп отыр дейді кейбірі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қазақстандықтардың өлгеннен кейін донор болудан қорқуының себебі не?