Министрлік Ербаян Мұхтардың ісі бойынша тергеудің барысын айтты

Ербаян Мұхтар

Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев әскерде жарақаттанып, қайтыс болған Ербаян Мұхтардың ісіне қатысты тергеу қалай жүріп жатқанын айтты.

“Оқиға жан-жақты тексеріліп жатыр, аталған факт бойынша тергеуді Ұлттық ұлан жүргізіп жатыр. Қорғаныс министрлігі өз өкілеті аясында тиісті көмек беріп жатыр. Қайғылы оқиға болып, біреу қаза болғаннан кейін жұмыс басталады деген жаңсақ пікір бар. Олай емес. Жұмыс үнемі жүріп жатыр” деді Жазықбаев сенат кулуарында.

Әскери бөлімде ауыр жарақаттанып, төсек тартып жатып қалған сарбаз Ербаян Мұхтар 23 маусымда көз жұмған. Жас жігіт Алматыдағы Ұлттық ұланда әскери борышын өтеп жүрген кезде әжетханада жұмбақ жағдайда басы жарылып, комаға түскен.

Әскери бөлім "сарбаз әжетханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды" деген. Жігіттің ата-анасы әскери бөлімнің мәлімдемесіне сенбейтінін айтқан.

2024 жылы маусымда бас әскери прокуратура "Әскери қызметкерлер арасындағы жарғылық қағидалардың бұзылуы" бабы (440-бап) бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлаған. Бұған дейін заңгерлер істің жылжымай жатқанын айтқан еді.

Ұлттық ұлан Ішкі істер министрлігіне (ІІМ) қарайды. Ол қарулы күштердің құрамына емес, ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне кіреді. Әскерге алынғандар қарулы күштермен қатар Ұлттық ұланда да әскери борышты өтейді.