Министрлік интернеттің баяулау себебін түсіндірді

Қазақстанда магистралды-талшықты оптикалық байланыс желісінің бүлінуіне байланысты интернетте ақау пайда болды. Цифрлық даму министрлігінің хабарлауынша, құрылыс кезінде экскаватор "халықаралық интернет-трафиктің негізгі бағыттарының бірін қамтамасыз ететін кабельді зақымдаған".

"Мамандар трафикті шұғыл түрде резервтік арналарға ауыстырды, бұл байланыстың толық өшіп қалмауына мүмкіндік берді" деп жазылған ведомствоның жексенбі күнгі хабарламасында.

Қазір қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатқаны хабарланды.

Жексенбі күні кейбір қолданушылар интернеттің баяу істеп тұрғанын хабарлаған. "Қазақтелеком" қызметін қолданатын Азаттық тілшісі де кейбір сайттарды аша алмады.