Ресейдің Орынбор газ өңдеу зауытына жасалған украин дрондарының шабуылы Қазақстандағы тұтынушыларға газ жеткізуге кедергі келтірген жоқ. Қазақстан энергетика министрлігі сәрсенбі күні осылай деп мәлімдеді.
Қазақстан аталған зауытқа жылына шамамен 9 млрд текше метр шикізат тасымалдайды, тазаланғаннан кейін газ республикаға қайта экспортталады.
"Диспетчерлік қызмет логистиканы жедел реттеді, ал газ көлемін жеткізу балама жол арқылы жүзеге асырылуда. Отын көлемі басқа орындардан үздіксіз жеткізіліп жатыр" деп жазылған ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Украин дрондары сәрсенбіге қараған түні Ресейдің Орынбор облысындағы газ өңдеу зауытына шабуылдаған еді. Мониторингтік арналардың хабарлауынша, кәсіпорынның аумағында бірнеше жерден өрт шыққан.
Ведомство өкілдері сәрсенбі күнгі хабарламасында оқиғаның Қарашығанақтағы мұнай мен газ конденсаты өндірісіне әсерін айтпаған.
Былтыр күзде дрон шабуылынан кейін Орынбор газ өңдеу зауыты Қарашығанақ кенішінен шикізат қабылдауды уақытша тоқтатқан еді. Ізінше Қазақстанның Қарашығанақ кенішінде газ өндіруді 25–30%-ға қысқартқаны хабарланған еді.
Your browser doesn’t support HTML5
Украина Орынбордағы газ зауытына шабуылдады. Қазақстаннан шикізат жеткізу тоқтады