Туризм және спорт министрлігі мәнерлеп сырғанаудан Милан олимпиадасының чемпионы Михаил Шайдоров пен үздік алты спортшы қатарына енген конькиші Надежда Морозоваға сыйақы төленгенін хабарлады.
Үкіметтің қаулысына сәйкес, спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына төлем үкімет резервінен алынған.
"Жалпы алғанда, 2 спортшы мен 5 жаттықтырушы ақшалай сыйақы алды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Михаил Шайдоровқа 250 000 АҚШ доллары, Надежда Морозоваға 5 000 АҚШ доллары мөлшерінде ақшалай сыйақы қарастырылған" деп хабарлады спорт министрлігі.
Жуырда Шайдоров журналист Тимур Балымбетовке берген сұхбатында "бес айдан бері министрлік тарапынан ақша алмағанын", "жаңа маусымға дайындықты бастай алмай отырғанын" айтқан. Осыдан соң министрлік "Шайдоровқа қаңтар-ақпанның айлығы төленгенін, қалған айлардың ақшасын аудару үшін спортшы келісім-шартқа қол қоймағанын" мәлімдеді.
Артынша Шайдоров 2026 жылға арналған келісім-шартта "2030 жылғы олимпиадада медаль алу талабы барын" айтып, министрліктің әрекетін сынға алған.
Михаил Шайдоров биыл ақпанда Миланда өткен қысқы олимпиадада ерлер арасында чемпион атанған.