Министрлік ҰҚШҰ жаттығуы қарсаңында үш облыста әскери техника жылжитынын ескертті

ҰҚШҰ оқу-жаттығуы. Қырғызстан, қыркүйек 2024 жыл.

12–19 қыркүйек аралығында Жетісу облысындағы «Көктал» полигонында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) «Шеп-2026» бірлескен оқу-жаттығуы өтеді. Осыған орай оқу-жаттығуға дайындық және оны өткізу кезеңінде яғни, 7–30 қыркүйек аралығында Алматы және Жамбыл облыстары, сонымен бірге Жетісу облысының аумағында әскери техника мен жеке құрам жоспарға сай жылжымақ. Бұл жөнінде Қазақстан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның хабарлауынша, оқу-жаттығу барысында дала сабақтары өткізіліп, оның аясында марш дайындығы, бөлімшелерді басқару және қойылған міндеттерді орындау пысықталады.
Іс-шаралар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің жауынгерлік даярлық бойынша бекітілген жоспарына сәйкес жүргізілмек.

Министрлік «Шеп» оқу-жаттығуы ұйымға мүше елдерде кезек-кезек өтіп жүргенін еске салады.

"Азаматтардан, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен және әлеуметтік желі пайдаланушыларынан тексерілмеген ақпаратты таратпауды және ресми дереккөздерде жарияланған мәліметтерді ғана назарға алуды сұраймыз" деп жазылған ведомствоның сенбі күнгі хабарламасында.

ҰҚШҰ-ға Ресей, Беларусь, Армения (бұған дейін Ереван Армения ҰҚШҰ-ға мүшелікті тоқтата тұратынын мәлімдеген), Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан мүше.

2022 жылы Қазақстанда Қаңтар оқиғасы болған кезде президент Қасым-Жомарт Тоқаев елге "шетелде дайындықтан өткен мыңдаған террорист шабуылдады" деп мәлімдеп (әлі күнге дейін дәлел көрсеткен жоқ), ҰҚШҰ-дан көмек сұраған. Осылайша ҰҚШҰ әскері алғаш рет басқа елдің аумағына кірген.

Қазақстан қоғамында ҰҚШҰ-ға қатысты түрлі пікір бар. Бұған дейін кейбір белсенділер Қазақстан билігін ҰҚШҰ-дан шығуға үндеген. Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігі "ҰҚШҰ-дан шығатын ойымыз жоқ" деп мәлімдеген.

Қазақстандық PaperLab зерттеу орталығы жүргізген "Қазақстан қоғамының Қаңтар оқиғасына көзқарасы" атты есепке сәйкес, сұралғандардың 44 пайызы Қаңтар кезінде елге ҰҚШҰ әскерін кіргізуді қолдамаған, 37 пайызы қолдаған.