Мирзияев пен Путин Өзбекстанда АЭС құрылысы жобасын іске қосты

Ресей басшысы Владимир Путин және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. 4 маусым 2026 жыл.

4 маусымда Мәскеу мен Ташкент Өзбекстандағы атом электр станциясының алғашқы энергетикалық блогының құрылысы басталғанын мәлімдеді.

Бір күн бұрын Ресейге сапарлаған Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев пен Ресей басшысы Владимир Путин Санкт-Петербургте отырып, онлайн түрде құрылыс жобасын іске қосты. Екі жақ арасында келіссөз Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында өтті.

Рәсімге атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры Рафаэль Гросси да қатысты.

АЭС Өзбекстанның Жизақ облысында салынып жатыр. Путиннің айтуынша, болашақ станция Өзбекстанның электрге сұранысының шамамен 15 пайызын өтей алады.

Жоба бойынша әрқайсысының қуаты 1000 мегаватт болатын екі ірі энергоблок пен шамамен 55 мегаваттық екі шағын модульдік реактор салынбақ. Жобаның басты мердігері – "Росатомға" қарасты «Атомстройэкспорт» компаниясы. Путиннің айтуынша, Ресей Өзбекстанға жеңілдікпен экспорттық несие береді және "станция жұмысының барлық маңызды циклдарында қолдау көрсетіп отырады".

Бұған дейін "Узатом" директоры Әзім Ахмедқожаев жобаның жалпы құны 9,5 млрд доллар екенін айтқан.

Ресей атом жобасын Орталық Азияның өзге елдерінде де алға тартып келеді. Өткен айда Мәскеу Қазақстанмен алғашқы атом электр станциясын салу туралы келісімге қол қойған. Бұған дейін ресейлік компаниялар сонымен бірге Қырғызстанда шағым атом станциясын салуға ықылас білдірген.