"Кемел мырза". Тоқаев отбасын Ресеймен не байланыстырады?

Коллаж: Қасым-Жомарт Тоқаев, Владимир Путин және "Маяк" тұрғын үй кешені.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі наразылықты басуға әскер жіберуді сұрағанда Ресей көп ойланып-толғанбады. Бұл таңданарлық жағдай емес: Тоқаевтың бұрынғы әйелі Ресейде туған. Ал ұлы Ресей сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық академиясын бітірген, Мәскеу облысы Химки жеріндегі атышулы тұрғын үйді салған компанияның директорлар кеңесіне кірген.

10 қаңтарда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) онлайн-саммитінде Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан президентінің есімінен жаңылысып, оны Қасым-Жомарт емес, Кемел Жомартұлы деп атады. Оның бұлай жаңылысуы кездейсоқ болмауы мүмкін: Кемел – Тоқаевтың әкесі, Қазақстандағы совет чекистері туралы кітаптардың авторы. 2019 жылы Тоқаев Қазақстан президентінің міндетін атқарушы болғанда, оның ұлы Тимур фамилиясын осылай деп өзгерткен.

Азаттық радиосының Орыс қызметі мен "Настоящее время" сайты Тимур Кемелдің 2016 жылы алған бизнес активі барын, оның "Маяк" ААҚ директорлар кеңесіне кіргенін анықтады. Бұл акционерлік қоғам Мәскеу облысындағы Химки кентіндегі осы аттас тұрғын үй кешенін салған. Бұл компанияның аты көпшілікке жергілікті халық кешен құрылысы кезінде жалғыз стадионның бұзылуына қарсы шыққан соң танымал болған.

Your browser doesn’t support HTML5

Президенттің ұлы "кіші Тоқаев" кім?

2022 жылдың басында Қазақстанда болған тәртіпсіздіктер Қасым-Жомарт Тоқаев пен елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арасындағы кланаралық тартыстың салдары болды деген пікір бар. Азаттық радиосы бес жыл бұрын Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей азаматымен некеде туған ұлы Назарбаевқа және оның "әмиянын" басқаратын Кеңес Рақышевқа байланысы бар бизнес құрылымдардың біріне кіргенін анықтады. Расталмаған деректер бойынша, Қазақстандағы наразылықтар басталғанда Кеңес Рақышев Қазақстаннан кетіп қалған.

ТОҚАЕВ РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫМЕН ҚАЛАЙ "АЖЫРАСТЫ"?

"Википедиада" Қасым-Жомарт Тоқаев туралы жарияланған мақалада оның Надежда Давыдовна Тоқаеваға үйленгені жазылған. Ал Қазақстан президентінің ресми сайтында Тоқаевтың ажырасқаны және Тимур деген ұлы бары айтылған. 2019 жылы Тоқаев президент лауазымына кіріскенде, қазақстандық БАҚ оның қолынан неке жүзігін байқаған. Бірақ кейінгі суреттерде жүзік көрінбей кетті. Сол кезде журналистер Тоқаевтың әйелі Надежда Давыдова туралы мардымсыз ақпарат қана тапқан. 2020 жылы acca.media басылымы 2011 жылы Надежда Тоқаева БҰҰ әйелдер гильдиясының құрметті президенті болғанын жазды. Ол кезде Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің бас директоры қызметін атқарған еді.

Қазақстандық баспасөз құралдары Надежда Тоқаеваның Ресей азаматы екенін жазды. Ресейдің коммерциялық реестрінде онымен толықтай аттас адам бар: 2005 жылы Надежда Давыдовна Тоқаева Мәскеуде тұрғын үйді жалға беретін жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Надежда Тоқаеваның ресейлік паспортының 940-тен аяқталатын нөмірі телеграм-арналарда бірнеше мәрте жарияланды. Сол номерді ресейліктердің ашық дереккөзге түскен жеке деректері мен несие тарихынан көруге болады. ІІМ сайтындағы паспорттарды тексеру қызметі Тоқаеваның паспорты әлі күшін жоймағанын көрсетеді.

Қазақстандағы баспасөз құралдары Надежда Тоқаеваның Қазақстан президенті міндетін атқарушы болған Қасым-Жомарт Тоқаевпен ажырасуына Ресей азаматтығы себеп болуы мүмкін деп топшылайды. Ал оның ұлы Тимур Ресей азаматы емес.

2021 жылғы желтоқсанда Алексей Навальныйдың жемқорлықпен күрес қоры Росреестр деректер базасында шенеуніктердің деректері өшіп, "Ресей Федерациясы" сөзімен алмасқаны туралы ролик жариялады. Ресей әділет министрлігі "шетел агенті" тізіміне енгізген қор зерттеуінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұрынғы әйелі мен ұлы Тимурдың да аты-жөні аталады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев туыстарының Мәскеудегі мүлкі қашан жасырылған. Зерттеу авторымен сұхбат

Росреестрдің бұрынғы жазбаларында олардың есімі Мәскеу орталығындағы Усачева мен Последний переулок көшелеріндегі пәтер иесі ретінде көрсетілген. Бірақ 2020 жылдан бастап бұл пәтер иелері "Ресей Федерациясы" деп көрсетілген.

Азаттық радиосы мен "Настоящее время" анықтағандай, "Ресей Федерациясы" тіркесімен Надежда Тоқаеваға тиелісі Мәскеу маңындағы тағы бірнеше объект жасырылған. Оның қатарында Абрамцеводағы үй де бар. Жергілікті тұрғындар бұл кентті "Генералдар саяжайы" деп атап кеткен. Кезінде Сталин жоғары шенді әскерилерге сол аумақтан жер үлестірген.

Тоқаеваға тиесілі саяжайлардың бірін 2008 жылы Мәскеу журналисі Евгения Лавут пен кинопродюсер Евгений Гиндилис сатып алған. Евгения Лавут Азаттық радиосына Надежда Тоқаева үйді сатқан кезде оны жылыту қиын екеніне шағымданып, Қырымға көшетінін айтқан. Ал екі жылдан соң, 2010 жылы сол жақтан ескі диван мен бұзып алынған сатыны алып кеткен.

ШВЕЙЦАРИЯ КОЛЛЕДЖІНЕН ХИМКИГЕ ДЕЙІН

"Осы жерде өстім, оқыдым, осында тұрамын. "Маяк" стадионында спортпен айналыстым. Бұл жер үнемі ашық болатын. Енді бәрі жабық, достарымызбен футболды қай жерде ойнайтынымыз түсініксіз" деген Мәскеу маңындағы Химки тұрғындары журналистерге 2014 жылы. Олар стадион орнында сонымен аттас "Маяк" тұрғын үй кешені құрылысына қарсы шыққан. Үй салатын компаниямен жергілікті тұрғындардың күресі жайлы ресейлік БАҚ пен "Экооборона Московской области" сайтында ондаған материал шыққан.

Наразылықтарға қарамастан компания тұрғын үй кешенін салған. Ондағы пәтердің бір шаршы метрін 140-220 мың рубльге қазір де сатып алуға болады.

Азаттық радиосы мен "Настоящее время" ашық дереккөздерден ілтеме .pdf) осы құрылысқа тапсырыс берген "Маяк" ААҚ-ның 2016 жылғы есебін тапты. Онда сол кезде компания директорлар кеңесінің мүшесі қазіргі президенттің ұлы Тимур Тоқаев болғаны айтылған. Құжаттан оның өмірбаянынан бұрын жарияланбаған деректер келтірілген: "Білімі – жоғары. Саяси ғылымдар кандидаты. Леман колледжі, Женева, Швейцария – Вебстер университеті колледжінің дипломы, Бельвю, Швейцария, Ресей федерациясы сыртқы істер министрлігі дипломатиялық академиясы".

Интернетте Тимур Тоқаевтың диссертациясы бар. "Қазақстан Республикасының Батысқа қатысты стратегиясы. Ұлттық мүдде, басымдықтар, бағыттар" деп аталатын диссертацияны ол 2009 жылы СІМ академиясында қорғаған. 215 беттен тұратын диссертацияда сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тегі 112 рет кездеседі. Путиннің аты 1 рет, Обама – 6, Буш – 14 рет аталады. "Ресей – Қазақстанның жалғыз одақтасы" деп жазады Тимур Тоқаев.

Есеп жарияланған уақытта "Маяк" ААҚ 541 млн рубль пайда тапқан. Азаттық радиосы одан кейінгі жылдағы есептерді таба алмады және қазір Тимур Тоқаевтың директорлар кеңесіне кіретін-кірмейтінін анықтай алмады. 2014 жылғы тамызда сот "Маяк" тұрғын үй кешенін салу ісінде еш заң бұзушылық таппаған.

ТИМУР ЖӘНЕ ОНЫҢ КОМАНДАСЫ

Химкиде тұрғын үй кешенін салған "Маяк" компаниясының директорлар кеңесіне Қазақстан президентінің ұлы ғана емес, Нұрсұлтан Назарбаев отбасына жақын адамдардың да бары қызық көрінеді.

Бизнес-реестр деректері көрсеткендей, Тимур Тоқаевтың Қазақстандағы бірнеше заңды тұлғамен байланысы бар. Ол өз атасы Кемел Тоқаевтың атындағы қайырымдылық қорды басқарады. Қор сайтында оның басқарма мүшесі екені айтылған.

Қайырымдылық қорынан бөлек Тимур Тоқаев тағы екі кішігірім компанияның (геологиялық барлау және техникалық сараптама) меншік иелерінің бірі. "СПАРК-Интерфакс" деректер базасындағы мәліметтен бұл компаниялардың ешқандай жұмысы мен табысы жоғын көруге болады.

Дәл осы деректер базасына қарағанда, Тоқаевтың ұлы жұмысын тоқтатқан "Салиш" ЖСШ меншік иелерінің бірі болған. Бұл компания бұрын "Аби Петролеум Кэпитал" деп аталған. Қазақстандық БАҚ оған Тимур Тоқаев 2002 жылы, яғни 18 жасында тең құрылтайшы болғанын жазған. Содан кейін компания бірден Атырау облысындағы Грядовое кен орнын игеруге лицензия алған.

Атырау облысындағы мұнай өндіретін орындардың бірі. 5 мамыр 2022 ж.

Тимур Тоқаев мұнай компаниясындағы үлесін әкесі Қазақстан премьер-министрі лауазымынан кетіп, елдің сыртқы істер министрі болғанда алған. "Аби Петролеум Кэпитал" компаниясының екінші иесі Мұхамед Ізбастин болған. Ол қазақстандық дипломат, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиені Теміртай Ізбастиннің ұлы, яғни Тимурдың немере ағасы. Екі туыстың отбасылық бизнесі жақсы жүріп жатқан: 2012 жылы фирма 50 миллион доллар көлемінде таза пайда тапқан. "СПАРК-Интерфакс" деректері одан кейін табыс азайып, 2014 жылдан бастап компания шығынға кеткенін көрсетеді. 2020 жылғы шілдеде "Аби Петролеум Кэпитал" "САЛИШ" ЖШС компаниясына айналған.

Ашық дереккөздердегі мәліметтерге қарағанда (сілтеме, .pdf), Тимур Тоқаевтың кейінгі жылдары шығынға батқан KM GOLD компаниясының миноритарлық акционері болған. Осылайша, кейінгі бірнеше жылда Тимур Тоқаевтың Қазақстандағы ресми активтері оған айтарлықтай табыс әкеліп отырмағаны байқалады.

2018 жылы Scanner Project басылымы "Женева бойынша жол бағдарын" жариялады. Тергеушілер Chemin Gilbert-Trolliet көшесіндегі үшінші үйде Тимур Тоқаев тұратынын анықтады. (Оның көршілерінің бірі – Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың бажасы Семен Винокуров). kz.expert басылымының есептеуінше, Тоқаевтың Женевадағы пәтері шамамен 2 миллион доллар тұрады. kz.expert дереккөзге сілтеме жасап, Тоқаевтың ұлы Женевада емес, Мәскеуде тұратынын, онда "әкесінің одақтастарының көмегімен" бизнес жүргізетінін жазған. Олардың айтып отырғаны "Маяк" ААҚ болуы мүмкін. Ресейдегі девелопер жобалардың біріне Тимур Тоқаев Қазақстанның ірі кәсіпкерлерімен бірге қатысады.

2005 жылы Қазақстандағы Грядовое кен орнындағы геологиялық барлау жұмыстарын "Аби Петролеум Кэпиталс" тапсырысымен "Қазақстанкаспийшельф" АҚ орындаған. Бұл компанияның жартысы "Sat&Company" АҚ тиесілі. Ал оны Қазақстандағы ең бай және ықпалды кәсіпкерлердің бірі Кеңес Рақышев құрған ілтеме, .pdf).

Ресейдегі "Маяк" компаниясына Кеңес Рақышевтың да қатысы бар. Тимур Тоқаев кірген "Маяк" директорлар кеңесінің төрағасы – Махмуджон Эрматов. Ол Мәскеудегі Верей көшесіндегі бір жекежайда тіркелген біршама компанияның тең құрылтайшысы және басшысы. Солардың бірі "Сат-инвест" компаниясының аты "Маяк" тұрғын үй кешені сайтындағы "Серіктестері" бөлімінде аталған. Бұл компаниялардың бәрі (олардың бәрінің атауында "Сат" сөзі бар) – Кеңес Рақышев Ресейде тікелей немесе жанама бақылап отырған активтердің бір бөлігі.

Кеңес Рақышев.

"Маяк" ААҚ негізгі иесі – Dostyk Investments B.V. (57,4%) нидерланд қоры. Оны Назарбаевтың екінші қызының күйеуі, Назарбаев дәуірінің "ең ықпалды бизнесмені" Тимур Құлыбаев бақылайды.

Кеңес Рақышев та Қазақстан элитасына бөтен адам емес. Ол девелопмент, пайдалы қазбалар, технология немесе банк секторында ғана ірі кәсіпкер емес. Ол Қазақстандағы Назарбаев дәуірінің ықпалды саясаткері Иманғали Тасмағамбетовтың қызына үйленген. Тасмағамбетов президент әкімшілігінің басшысы, премьер-министр, Алматы мен Астана қалаларының әкімі, қорғаныс министрі, 2016-2019 жылдар аралығында Қазақстанның Ресейдегі елшісі болған (осы қызметтен оны жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетке жіберген). Екінші жағынан, Рақышевтың Ресейде біршама бизнес жобасы мен жөнге қойылған байланысы да бар. БАҚ пен блогтар оны "Назарбаевтың сенімді әмияны", серіктестеріне "орыс жерінде орнығуға көмектесетін" адам деп атайды. Кеңес Рақышев Ахмат Қадыровтың атындағы орденмен марапатталған. Ал Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров оның көп жыл бойы "нағыз дос және бауыр" болғанын жазған (бірақ бұл "достық" ұзаққа созылмады).

Кейінгі жылдары Рақышев жоғары технологиялар саласына бет бұрды. Ол смартфон, компьютер жасайтын, блокчейн қолданатын жобаларға қатысты, электромобиль өндіруге, Қазақстанда аккумулятор батареяларын шығаруға қажет металдарды игеруге инвестиция салды.

Кемел Тоқаев атындағы қор сайтындағы қысқаша өмірбаянда оның немересі Тимурдың да тура Кеңес Рақышев сияқты "тұрғын үймен және технологиялық стартап жобалармен" айналысатыны жазылған.

КЕМЕЛ-ЛАЙТ

Тимур Тоқоев Кеңес Рақышевтың бизнесінің бірі "Маяк" директорлар кеңесі құрамына бес жыл бұрын кірген. Қазір Тимур Тоқаевтың немен айналысатыны белгісіз. Бірақ 2019 сәуірден бастап әкесі Қазақстан президентінің міндетін атқарушы атанғанда Тимур Тоқаев атасының атын алып, тегін "Тимур Кемел" деп өзгерткен. Қазақстанда БАҚ пен телеграм арналар бұл жайлы желтоқсанда жазды. Олардың бірі Тимур Тоқаевтың 2019 жылғы 11 сәуірде алған жеке куәлігінің бір бөлігін жариялады. 37 жастағы кәсіпкердің тегін ауыстырғаны бизнес-реестрде көрінеді. Бірақ Ресей деректер базасында "Тимур Кемел" жайлы еш ақпарат жоқ: не оның Ресейде ешқандай кәсібі жоқ, не ол онда бұрынғы атымен жүр.

Есесіне "Назарбаев әмияны" Кеңес Рақышевтың қазір немен айналысатыны белгілі. 2022 жылғы 10 қаңтарда "Интерфакс" агенттігі Кеңес Рақышевтың БТА банкі "Адамант" компаниясының вице-президенті Владимир Голубевке "Норд Стар" компаниясындағы үлесін толығымен сатқанын жазды. 2020 жылғы қыркүйекте бұл компания Ресейдің Мурманск облысындағы Арктика аймағының бірінші резиденті атанып, "Таяу Шығыстағы даму корпорациясымен" келісім жасасты. Компания Витино мұнай базасы мен теңіз портының дамуына 3 миллиард рубль инвестиция салмақ. Назарбаевқа жақын кәсіпкерлердің бірі бұл жобадан неге алыстап кеткені белгісіз. Бірақ Голубевтің оған қатысуы ақылға қонымды сияқты. БАҚ оны Игорь Сечиннің "әмияны" деп атап, оны 1990 жылдардағы Санкт-Петербургтегі қылмыс әлемімен байланыстырады. Журналист Андрей Константинов "Бандитский Петербург" кітабында Голубевтің "Бармалей" деген лақап атпен қылмыс әлеміне танымал болғанын, "Тамбовтық" қылмыскерлер тобымен байланысы барын жазған. "Деловой Петербург" басылымы 2020 жылы байлығын 4,6 миллиард рубль деп бағалаған Голубев қылмыс әлемімен байланысы барын жоққа шығарып келеді: 2017 жылы ол Google іздеу жүйесінде осы байланысы жайлы жарияланымдардың сілтемелерін алып жасырып қойған.