Молдова парламенті ТМД-ны құру туралы келісім мен Достастық жарғысын жою туралы заң жобаларын қабылдады.
Бейсенбі күні бұл шешімді 101 депутаттың 60-сы қолдады деп жазды "Интерфакс". Құжатты негізінен басқарушы "Қимыл мен ынтымақтастық", "Үйдегі демократия" сонымен бірге бұрынғы премьер-министр Ион Кикудың партиясы өкілдері қолдаған.
Коммунистер мен социалистер партиясы келісімнің күшін жоюға қарсы болды. Олар "Молдова ТМД-дан шықса, ел экономикасы үшін салдары жаман болады" деп мәлімдеді.
Келісімнің күшін жою туралы бастама көтерген сыртқы істер министрлігінің айтуынша, ТМД-ның құндылықтары мен принциптерін қазіргі кезде Достастық елдерінің кейбірі сақтамайды.
"Бұған қоса, ТМД келісімін жою – Еуроодаққа қосылу жолындағы табиғи әрі ажырамас қадам" деп жазылған ведомствоның түсіндірме хабарламасында.
Қазіргі кезде Молдова ТМД аясындағы 283 келісімнің 71-ін жойған, тағы 60-ы қаралып жатыр.
"Интерфакстың" жазуынша, Молдова президенті депутаттар қолдаған жобаға қол қойса, сыртқы істер министрлігі оны ТМД-ның атқару комитетіне жөнелтеді. Вена конвенциясына сәйкес, Молдова осыдан кейін 12 айдан соң ТМД-дан шығады.
- Еуропадағы ең кедей елдердің бірі саналатын Молдова ТМД-ның шараларына 2023 жылдан бері қатыспай келеді деп жазды Reuters.
- Вице-премьер Михай Попшой бұған дейін Молдованың ТМД-дан шығуы елдің "Еуропаға қарай бағытын нығайтудағы маңызды қадам" деген. Дегенмен Попшойдың сөзінше, азаматтарға пайда әкелетін ТМД-мен бірқатар келісім әлі де күшінде қала бермек.
- Молдова президенті Майя Санду Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптап, Кремльді Молдованың қазіргі батысшыл үкіметіне нұқсан келтіруге тырысты деп кінәлаған.