Нарымбаевтың сотына журналистер кіргізілмеді

Ермек Нарымбаев. 2023 жыл.

Бүгін, 10 маусымда Астанада белсенді Ермек Нарымбаевтың ісі бойынша негізгі процесс басталды. Бірақ оған ақпарат құралдары кіргізілмеді. Сот мұны залда "орынның жоқтығымен" түсіндірді.

Алайда Азаттық тілшісі есікті ашып-жапқанда залда бос орын көп екенін көрді. Қарауыл адвокат пен белсендінің үш жақынын тізіммен кіргізіп, есікті ішінен кілттеп алды. Нарымбаев пен қорғаушылары бұған наразы болды. Бірінші болып, залдан әкесі шығып кетті. Бұдан соң Нарымбаев пен адвокаты судьяға сенімсіздік білдіріп, оны ауыстыруды талап етті. Осылайша сотта үзіліс жарияланды.

"Залда үш-төрт қана сәкі бар. Біз "басқа жақтан үстелдерді өзіміз көтеріп әкелейік, журналистер де қатыссын" дедік. Ал сот қарауылы соттың нұсқауынсыз залды іштен кілттеп жауып алды. Ішке кімнің кіріп, кімнің келмеуін анықтап жатыр. Бұл ашық процесс. Оған тізімді кім берді? Сол себепті Ермек судьяға сенімсіздік танытты. Біз оны қолдадық, себебі сот процесінің формасы бұзылып жатыр" деді Азаттыққа сот отырысынан кейін адвокат Василий Садықов.

"Сот үкімін орындамағаны үшін" үстінен қылмыстық іс қозғалған белсенді Ермек Нарымбаев ақпанның басынан бері абақтыда отыр. Белсенді айыппен келіспейді.

Қамалардан бұрын Нарымбаев әлеуметтік желіде конституциялық реформаны талқылап жазба жариялаған. Facebook-те 3 ақпанда жарияланған кейінгі постында Нарымбаев: "Билік [Конституция жобасы бойынша] пікірталаста жеңілген соң ашуға басып, репрессияға көшті" деп жазған.

2023 жылы қыркүйекте шыққан үкім бойынша Нарымбаевқа "қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелермен айналысуына" тыйым салынған. Осы шешім негізінде белсендіге “сот үкімін орындамады” деген айып тағылған.

56 жастағы Ермек Нарымбаев 2000-жылдардың басынан белсенділігімен көзге түскен. Осы кезге дейін билік оған қарсы оннан астам іс қозғаған. Соның төртеуінде қылмыстық іс бойынша жаза кесіп, өзге істерде әкімшілік жауапқа тартқан.

2010 жылы Нарымбаев сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін талап етіп, "Назарбаев, кет!" деп ұрандап, митингіге шыққан. Сол жылы "сотты құрметтемеді", "полицияға күш көрсетті" деген айыппен 4 жылға бостандығынан айырылып, колонияға жіберілді. 2012 жылы қамаудан босап шықты. 2016 жылы сот оны "Алауыздық тудырды" деген айыппен екі жылға бостандығынан айырған. Кейін апелляция соты белсендінің жазасын жеңілдетіп, қамау жазасын еркіндігін үш жылға шектеу жазасына ауыстырған. 2016 жылғы шілдеде Ермек Нарымбаев Қазақстаннан биліктің рұқсатынсыз Украинаға эмиграцияға кетіп, 6 жыл Киевті паналады. 2022 жылы Алматыға ұшып келген бетте әуежайда ұсталып, 1,5 жыл бойы түрмеде отырып, 2023 жылдың жазында босап шыққан еді. Қазіргі процесс, қоғамдық-саяси қызметпен айналыспау туралы тыйым осы істен басталып отыр.