Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияевпен телефонмен сөйлесті. Бұл жөнінде Өзбекстан президентінің ресми сайты хабарлады.
Ақпарат бойынша, Назарбаев пен Мирзияев әңгіменің басында «бір-бірін келе жатқан жаңа жылмен құттықтап, бауырлас елдердің халқына бейбітшілік, тұрақтылық және өркендеу тілеген».
Өзбекстан президенті сайтының хабарлауынша, 29 желтоқсанда болған әңгіме барысында екі ел арасындағы достық пен стратегиялық серіктестік «жоғары деңгейге жеткені», ал көпжақты әріптестік «басым бағыттар бойынша сатылап дамып жатқаны» сөз болған.
Бұдан бірнеше күн бұрын Кремль Нұрсұлтан Назарбаев Ресейге барып, президент Владимир Путинмен кездескенін хабарлаған.
Назарбаевтың кездесулері мен телефон әңгімелері туралы Қазақстан президентінің баспасөз қызметі ешқандай ақпарат таратқан жоқ.
Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда қызметін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырып, отставкаға кеткен. Алайда ол Қанды Қаңтарға дейін өз ықпалын сақтап қалды. Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев өзіне берілген көптеген артықшылықтардан айырылып, айналасындағы адамдардың кейбірі қызметінен кетіп, кейбірі сотталды.
Назарбаев 2023 жылы жарық көрген "Менің өмірім. Бодандықтан Бостандыққа" атты мемуарында Ресей президенті Владимир Путиннің кітаптарына бірнеше рет сілтеме жасап, оның өзін "сөзге берік, достыққа адал адам" деп мақтаған. Мемуарында Назарбаев 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіргеніне Батысты айыптай сөйлеген.
Қаңтар оқиғасынан бері ықпалы әлсіреген Назарбаев Ресей басшысымен бірнеше рет кездескен.