Назарбаевтың немере інісінің Алматыдағы базарын ERG бөлімшесі бас директорының компаниясы сатып алды

Қайрат Сатыбалды

Бұрын Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының отбасының меншігінде болған Алматыдағы "Байсат" базары Eurasian Group (ERG-дің қазақстандық еншілес компаниясы) бас директоры Құдрат Шамиевке тиесілі компанияның иелігіне өткен. Қазақстандық басылымдар бұл ақпаратты eEgov.kz мемлекеттік порталының ашық деректеріне сүйеніп хабарлады.

ВES.media ақпаратына сәйкес, Central Trade Management Ltd компаниясы аталған базардың активтеріне иелік ететін "Көтерме-бөлшек сауда орталығының" жаңа құрылтайшысына айналған.

2026 жылғы 22 мамырда тіркелген компанияның негізгі қызметі – холдингтік компанияларды басқару, меншігіндегі немесе жалға алынған жылжымайтын мүлікті жалға беру және пайдалану деп жазады жергілікті басылымдар.

Реестрде компанияның салық төлемдері, сот процесстері, мемлекеттік келісімшарттар және лицензиялары көрсетілмеген. Компанияның құрылтайшысы әрі директоры Құдрат Игнатұлы Шамиев екені жазылған, оның тегі, есімі және әкесінің аты ERG компаниясы бас директорының аты-жөнімен бірдей.

Шамиев – Қазақстанда Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келген соң тасы өрге домалап, елдегі ірі кәсіпкерлердің біріне айналған Шахмұрат Мүтәліптің жақын бизнес серіктесі. Зерттеуші журналистер Шамиев пен Мүтәліптің жас кезінен бері аралас-құралас екенін және бірге оқығанын жазады.

Мамыр айында қазақстандық бизнесмен Шахмұрат Мүтәліпке тиесілі Nature Energy Solutions Ltd. компаниясы Eurasian Resource Group акцияларының шамамен 40 пайызын сатып алғаны мәлім болған. Осыдан кейін 36 жастағы Құдрат Шамиев Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының қазақстандық еншілес компаниясы "Еуразиялық топ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры болды. Бұл компания "Қазхром" компаниясын, Соколов-Сарыбай тау-кен өндірістік бірлестігін, "Қазақстан алюминийі" кәсіпорнын, Қазақстанның электролиз зауытын және басқа да активтерді басқарады.

Integra Construction KZ компаниясын сатып алғаннан кейін 35 жастағы Шахмұрат Мүтәліп миллиардтаған долларға бағаланатын мемлекеттік келісімшарттар ала бастаған монополист мердігерге айналған.

Құдрат Шамиев Integra Construction KZ компаниясына 2020 жылдың мамыр айында қосылған. БАҚ-тың жазуынша, ол сонымен қатар Integra Construction KZ компаниясының бақылау кеңесінің төрағасы қызметін атқарады.

"Байсат" базары Қайрат Сатыбалдының баласы Бауыржан Нұрсұлтанның атына тіркелген еді. Қайрат Сатыбалды – Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1981 жылы жол-көлік оқиғасынан қайтыс болған туған бауырының ұлы.

Тамыз айында Алматыдағы "Байсат" базары аукционнан сатылғаны туралы ақпарат жарияланған. 2025 жылдың қыркүйегінде саудаға қойылған мүлік 24,8 миллиард теңгеге (53 миллион доллардан сәл астам) сатылған. Сол кезде базардың жаңа иесінің аты-жөні жарияланбаған еді.

Қайрат Сатыбалды Қанды Қаңтар наразылықтарынан кейін тұтқындалып, 2022 жылдың күзінде ірі көлемде ұрлық жасады деген айыппен алты жылға бостандығынан айырылған. Кейінірек билік Сатыбалды мемлекетке 1,6 миллиард доллардың активтерін – әкімшілік ғимараттарды, қымбат үйлерді, пәтерлер мен автокөліктерді, эксклюзивті зергер бұйымдарын, компаниялардағы акциялар мен үлестерді, теміржол желілерін және қолма-қол ақшаныы қайтарды деп хабарлады.

2024 жылы Қайрат Сатыбалды мерзімінен бұрын қамаудан босатылды.