Тамызда интернет желісінде "Жаңа қырғи-қабақ соғыстың" картасы тарады. Суретте елдер жасанды интеллектіні (ЖИ) дамытудағы ұстанымына қарай екіге бөлінген. АҚШ бастаған Pax Silica декларациясына қосылғандар көк түсті, Қытай бастаған World Artificial Intelligence Cooperation Organization (WAICO) ұйымына қосылғандар қызыл түсті. Екі блокқа да қатар қосылған жалғыз ел – Қазақстан. Баспасөздің жазуынша, көпвекторлы саясат ұстанатын Астананы таңдау жасауға итермелеп отыр.
Вашингтонның "қызыл сызығы"
АҚШ мемлекеттік департаментінің ішкі құжатына және аты-жөні аталмаған америкалық шенеунікке сүйенген Reuters агенттігі 14 тамыз күнгі хабарында АҚШ 35 елге хат дайындап жатқанын жазды. Агенттіктің мәліметіне қарағанда, Вашингтон ол елдерден "Қытаймен жасанды интеллект саласындағы бәсекеде бір тарапты" таңдауды сұрамақ және Пекин бастаған ұйымға қосылатындар АҚШ бастаған коалициядан шығарылатынын ескертпек.
"Барлығына мүше болу – ешнәрсенің мүшесі болмау дегенді білдіреді. Pax Silica декларациясына қол қою мүше болып, жарна төлеумен шектелмейді. Оның міндеттемесі де бар" деп келтірді агенттік хат үзіндісін.
Аты-жөні аталмаған америкалық шенеунік екі бастамаға да қосылған елді "сенімді серіктес деп айту қиын" деген.
Әзірге Вашингтон да, Астана да бұл ақпарат жөнінде пікір білдірмеді.
Бірақ Қытай өз ұстанымын мәлім етті. Қытайдың АҚШ-тағы елшілігі Вашингтонды "елдерді таңдау жасауға үндей отырып іріткі салуды доғаруға" және "сауда мен технология мәселелерін саясиландырмауға" шақырды.
Орталық Азиядағы геосаяси мәселелерді бақылайтын вашингтондық Second Floor Strategies консалтинг компаниясының президенті Уайлдер Алехандро Санчес ЖИ жарысын "саясаттан тыс қалдыру" мүмкін емес екенін айтады.
"Pax Silica мен WAICO-ны саясаттан тыс қалдыру мүмкін емес. Қазір әлемде жаһандық державалар арасында қайшылық өте көп. Сарапшылар қазіргі жағдайды сипаттау үшін үнемі жаңа терминдер ойлап табады. Оған "ұлы державалар бәсекесі" немесе "Қырғи-қабақ соғыс II" дегенді мысал етуге болады. Сондықтан кез келген ұжымдық бастама одақтар мен әріптестікті нығайтуға жасалған әрекет ретінде қабылданады" дейді сарапшы.
Санчестің сөзінше, әлемдік державалар Орталық Азияны бұл жарыстың маңызды бөлігі деп санайды. Мұның басты себебі – бұл аймақтағы елдердің сирек кездесетін металдарға бай болуы. Сирек металдардың қоспалары ЖИ жарысының материалдық негізі саналады. Оларсыз суперкомпьютерлердің физикалық жұмыс істеуі, салқындатылуы және энергиямен қамтамасыз етілуі мүмкін емес.
Сарапшылардың айтуынша, Астана Батысқа да, Шығысқа да сирек жер металдарын ұсына алатынын түсінеді. Осы уақытқа дейін Қазақстан "көпвекторлы" деген саясат ұстанып, тараптар арасында тепе-теңдік сақтап келген.
"Астананың екі блокқа да қосылғанын қателік деп ойламаймын. Бірақ бұл жерде Астана бір нәрседен жаңылды: Вашингтон "қызыл сызық" салып, Қазақстанға екі блоктың бірін таңдауы керектігін айтады деп күтпеген сияқты" дейді Санчес.
Кейбір сарапшылар әлі жіберілмеген бұл хатты Вашингтонның маңызды сигналы деп бағалайды.
" Бұл қысымның себебі нарықтағы қарапайым бәсекеден әлдеқайда маңыздырақ. Жасанды интеллект экономика, қорғаныс, барлау, өнеркәсіп және мемлекеттік басқару инфрақұрылымының бір бөлігіне айналып келеді" деп жазды ЖИ тақырыбын жиі қозғайтын Bizdriver.ai басылымы.
"Елдер ондаған жыл бойы Қытаймен сауда жасап, америкалық технологиялар мен қауіпсіздік кепілдіктеріне сүйеніп, саяси тұрғыдан ортада қалуға тырысты. Енді бұл кеңістік тарылып барады" дейді "Қорғаныс қоры" дейтін швециялық үкіметтік емес ұйымның төрағасы Фредди Йёнссон.
Санчестің айтуына қарағанда, Астана екі блоктың бірін таңдауға мәжбүр бола ма, жоқ па – кесіп айтуға әлі ертерек.
"Астана нақты қандай қадам жасайтынын болжағым келмейді. Қазақстан үкіметі Вашингтонмен келіссөз жүргізіп, шиеленісті бәсеңдетуге тырысуы мүмкін. Сондай-ақ бұл ел тарап таңдауды қаламайтынын, өйткені Вашингтонмен де, Пекинмен де достық қарым-қатынасты сақтағысы келетінін түсіндіруі мүмкін" дейді сарапшы. "АҚШ пен Қытай арасындағы бәсекені ескерсек, Вашингтонның Астанаға не үшін қысым жасап отырғанын түсінемін. Алайда мұндай қысым кері әсер беруі мүмкін. Мен белгілі бір мәселелерде Астана Пекиннің орнына Вашингтонды таңдайды деп ойламаймын".
Қазақстан екі бастамаға үш апта ішінде қол қойды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
AI, сауда және интеграция. Тоқаев ЕАЭО-ны жаңа жаһандық жағдайға бейімдеуге шақырдыPax Silica және WAICO: бұл қандай бастамалар?
Вашингтон 2025 жылғы желтоқсанда іске қосқан Pax Silica бастамасының ресми атауы – "Securing the Silicon Supply Chain" ("Кремний жеткізу тізбегінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету"). Атауынан кремний мен чиптерге қатысты бастама сияқты көрінгенімен, оның қамтитын мәселелері әлдеқайда кең. Оның ішінде аса маңызды минералдардың жеткізу тізбегі, жартылай өткізгіштер, дата-орталықтар, энергетикалық инфрақұрылым және ЖИ экономикасын дамытуға қажетті есептеу қуаттары мәселелері бар.
Pax Silica-ны құру арқылы Вашингтон технология саласында сенімді серіктестерді айналасына жинап, ЖИ-ге қажетті маңызды компоненттердің жеткізу тізбегін қалыптастыруға ниетті екенін мәлім етті. АҚШ мұның өтемі ретінде әділ нарық құруға және америкалық технологиялық жетістіктерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге ұмтылатынын айтып отыр.
Pax Silica-ны АҚШ президенті Дональд Трамптың жеке "идеясы" деуге болады. Қазақстан бұл декларацияға Дональд Трамп атындағы Бейбітшілік институтында қол қойды.
Декларацияда: "Мақсатымыз – сенімді ақпараттық желілерді құру және іске қосу. Оның ішіне ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, талшықты-оптикалық кабельдер және дата-орталықтар кіреді" деп жазылған.
Бұл бастаманың 25 мүшесі бар. Олар: Еуроодақ, Жапония, Израиль, Сингапур, Оңтүстік Корея және өзгелер. Тайвань (әлемдегі барлық микрочиптің шамамен 60 пайызын және ең озық жартылай өткізгіштердің 90 пайыздан астамын өндіреді), Канада және Эстония бақылаушылар қатарында. Қазақстан Pax Silica-ға 2026 жылғы 25 маусымда қол қойып, аталған альянсқа Орталық Азиядан қосылған алғашқы ел атанды.
WAICO немесе World Artificial Intelligence Cooperation Organization 2026 жылғы 16 шілде күні Шанхайда құрылды. Мұндай ұйымды құру идеясын Қытай алғаш рет 2025 жылы ЖИ жөніндегі бүкіләлемдік конференцияда мәлім еткен. Ұйымды құру туралы келісімге 29 елдің өкілі қол қойған. Олардың қатарында Қытай, Ресей, Пәкістан, Индонезия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Африка мен Латын Америкадан бірқатар ел бар.
Пекиннің мәлімдеуінше, WAICO технологияны қауіпсіз әрі этикалық тұрғыда пайдаланудың ортақ стандарттарын әзірлеу және елдер арасындағы технологиялық алшақтықты азайту мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастық тетігі болмақ.
Қытай басшысы Си Цзиньпин қытайлық ашық модельдерді патенттелген жүйелерді пайдалануға мүмкіндігі немесе қаражаты жоқ елдер үшін қолжетімді балама ретінде ұсынып отыр. Яғни WAICO – бұл Пекиннің ЖИ-ді бірге дамытып, оны пайдалану ережелері бойынша келісімге келе алатын халықаралық алаң құруға деген талпынысы. Бұл алаң ЖИ-ді дамытудың қытайлық көзқарасы төңірегінде қалыптасады. Дегенмен Пекин кейбір озық модельдеріне шетелдіктер үшін қолжетімділікті шектеу мәселесін де қатар қарастырып жатыр.
Қазір жасанды интеллект саласында АҚШ пен Қытай көш бастап тұр. Сарапшылардың бағалауынша, әлемдегі есептеу қуаттарының 90 пайызы және ЖИ инвестициясының 80 пайызы осы екі елдің еншісінде.
Дей тұрғанымен Қытайдың бір артықшылығы бар. Ол барланған сирек металдар бойынша және оларды өндіру бойынша көшбасшы саналады. Ал бұл сирек металдар – ИИ жарысының материалдық іргетасы.
АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметтері мен Пекиннің ресми мемлекеттік квоталарына қарағанда, 2025 жылы Қытай 270 мың тонна сирек жер элементін өндірген. Бұл – әлемдік өндірістің шамамен 70 пайызы. АҚШ 51 мың тоннамен екінші орында тұр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қазақстан сирек жер металдарының ірі кеніші табылғанын жариялады. Шынымен солай ма?Қазақстан қай тарапты таңдайды?
Cronos.Asia порталының жазуынша, АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі көмекшісі тамыздың аяғында Астанаға сапарында Қазақстанның қос бастамаға қатар мүше болғанына алаң білдірген.
Бұған Қазақстан тарабы не деп жауап бергені белгісіз.
Жақында Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті қарсаңында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық "Синьхуа" агенттігіне сұхбат беріп, ЖИ бүкіл адамзаттың дамуына қызмет етуі керек екенін, ал мемлекеттер заманауи технологияларға әділ қол жеткізу мүмкіндігіне ие болуға тиіс екенін айтты.
"Бұл мәселеде біздің көзқарасымыз Қытайдың ұстанымымен үндес" деді Тоқаев Қазақстанның Қытай бастамасы WAICO-ға қосылғанын еске салып. "Бұл – жасанды интеллект саласындағы елдердің күш-жігерін үйлестірудің ашық әрі тиімді халықаралық жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам".
Астана сыртқы саясатта тепе-теңдік сақтауға тырысып келеді. Бір жағынан, Қазақстанның шикізат ресурстарының негізгі бөлігін сатып алып отырған Батыспен байланысын сақтап, екінші жағынан, Орталық Азиядағы геосаяси ықпалы едәуір күшейген ірі көрші Қытаймен қарым-қатынасты дамытқысы келеді.
ЖИ саласындағы үлкен бәсеке бұл тепе-теңдікті қаншалық қиындатпақ?
Сарапшылардың айтуынша, теория жүзінде Қазақстан инфрақұрылым, жартылай өткізгіш және сирек минералдар мәселесінде АҚШ-пен; халықаралық реттеу, маман даярлау және ЖИ-ді дамыту мәселесінде Қытаймен әріптестікті қатар жүргізуі ықтимал.
Алайда Вашингтон үшін бұл мәселе экономикалық көпвекторлықтан гөрі стратегиялық сенім мәселесіне айналып барады. Қазір елдер ЖИ инфрақұрылымын қай мемлекетпен бірге дамытатынын таңдаса, бұл ертең олардың қай технологиялық жүйеде болатынын айқындайды.