Дипломаттар Непал мен Қытай шекарасында туристік топтың құрамында болған Қазақстан азаматының қай жерде екенін анықтап жатыр. Бұл жөнінде Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсеновке сүйенген “Қазақпарат” хабарлады.
“Алдын ала ақпаратқа қарағанда, Қазақстан азаматы туристік топтың құрамында Непалдан Қытайға қарай өткен. Қазіргі кезде оның қайда екені белгісіз. Із-түзсіз жоғалғандар іздестіріліп жатыр” деді Үсенов.
Оның сөзінше, қазақстандық дипломаттар жергілікті мемлекеттік органдармен бірге жұмыс істеп жатыр.
Бұған дейін Қазақстан СІМ жойқын селден зардап шеккендер мен із-түзсіз жоғалғандар арасында қазақстандықтар жоғын айтқан еді, алайда ақпарат жаңаруы мүмкін екенін ескерткен.
26 тамызда Непалда Тибетпен шекараға жақын аумақта лай көшкіні жүріп, сел болды. Кемінде 270 адам қаза болды, 900-ге жуық турист із-түзсіз жоғалды. Арасында 30-ға жуық елден жүздеген шетел азаматы бар. Қытай ақпарат құралдарының жазуынша, Тибетте кемінде үш адам қаза болған, кемінде 558 із-түзсіз жоғалған.
Селге алып мұздың тау өзеніне құлауы себеп болуы. мүмкін деген болжам айтылып жатыр.