Непал мен Тибетте тасқыннан қаза болғандар 1200-ден асты

Непалдағы тасқында қаза болғандарды еске алу кешінде шырақ ұстап тұрған бала. Ченнай, Үндістан. 28 тамыз 2026 жыл.

Непал мен Тибетте 26 тамызда болған жойқын табиғи апаттан қаза болғандар артты. Reuters жазуынша, Непалда кемінде 1204 адам қаза болған, 4200-ден астам адам хабар-ошарсыз кеткен. Тибетте кейінгі мәлімет бойынша, 21 адам өлген, 541 адам із-түзсіз жоғалған.

Жоғалғандар арасында жүздеген шетелдік турист бар. Олардың кейбірі Үндістан, Ұлыбритания, Австралия, АҚШ, Малайзия, Ресейден. Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі Непал мен Тибетте үш қазақстандық іздестіріліп жатқанын хабарлаған.

Құтқарушылар Непал тауындағы гидроэлектр станциясындағы туннельге жетуге күш салып жатыр. Онда ондаған жұмысшы қалып қойған болуы мүмкін. Кейбірінде ауа бар, сондықтан адамдар тірі қалуы мүмкін. Биліктің айтуынша, тірі қалғандарды табу ықтималдығы кеміп жатыр.

Бұған дейін Непал билігі тасқыннан қаза болған аты-жөні анықталмаған жүздеген мәйітті жерлей бастаған еді. Ыстықта мәйіттер бұзылып, инфекция қаупін төндірген. Жерлемес бұрын мәйіттер суретке түсіріліп, ДНҚ үлгілері алынған. Бұл жақындарына мәйітті тану үшін керек.

Ғалымдардың болжамынша, жойқын сел Непалдағы Лангтанг-Лирунг шыңынан үлкен мұз мен тастың өзенге құлауынан пайда болуы мүмкін. Қытайдың орталық телеарнасы ғалымдарға сүйене отырып, тасқынға "ғаламдық жылынудың салдарынан мұздықтардың тұрақсыздығы" түрткі болғанын хабарлады.