Непал мен Қытайға жақын шекара аумағында жойқын сел болып, кейінгі мәлімет бойынша кемінде 160 адам қаза болды. Жүздеген адам із-түзсіз жоғалды, арасында туристер де бар. Жоғалғандар арасында АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан, Непал, Ресей, Украина азаматтары бар деп айтылады.
Бұған дейін су тасқынына сәрсенбі күні таңертең болған кішігірім жер сілкінісі себеп болуы мүмкін деген болжам айтылған. Бірақ AFP-дің жазуынша, АҚШ геологиялық қызметі кейінгі хабарларында жер сілкінісі болмағанын, ал тербеліс лай көшкінінен туындағанын жазған.
Оқиға орнынан түсірілген тексерілген видеода лай аралас жойқын селдің тұрғын үйлер мен құрылыстарды шайып кеткенін көрсетеді деп жазды Reuters. Видеоға қарағанда, толқын өте биік.
Зардап шеккендердің саны белгісіз.
Непал, 26 тамыз 2026 жыл.
Непал премьерінің кеңсесі 26 тамыз кешке 500-ге жуық турист із-түзсіз жоғалғанын хабарлады, арасында 400 шақты шетелдік барын мәлімдеді.
Украина сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, із-түзсіз жоғалғандар арасында 50 украин бар. Бұл жөнінде Азаттықтың Украин қызметі хабарлады.
Жоғалғандардың арасында "Расувагадхи" шекара бекеті арқылы Непал мен Үндістанға Қытайдан (Тибет) – индуизм мен будда діні өкілдері үшін киелі Кайлас тауына барып, қажылықтан қайтып келе жатқандар да болған.
Непалда кемінде 162 адамның қазасы расталған. Қытай шекарасы маңында 265 адам жоғалған, кемінде үш адам опат болғаны белгілі.
Жергілікті тұрғындар арасында қанша адамның жоғалғаны белгісіз. Әзірге 35 полицей мен 44 әскери қызметкермен байланыс үзілген.
Селден кейінгі Непал. 26 тамыз 2026 жыл.
Қытай билігі табиғи апат орнын шолу үшін тікұшақ жібермек болған, алайда оған қатты жел бөгет болған. Ал Непал полициясы тікұшақтың көмегімен 88 адамды судан құтқарған. Аймаққа баратын жолдарды су басуы құтқарушылардың жұмысын қиындатып отыр. Непал үкіметі Қытай мен Үндістаннан көмек сұрағанын мәлімдеді.