Нетаньяху Ливанмен келіссөз бастауға тапсырма берді

Ливанның оңтүстігіндегі Чукин ауылына жасалған Израиль әуе шабуылынан кейін қираған үйдің орнында аман қалған адамдарды іздеп жүрген құтқарушылар. 9 сәуір, 2026 жыл.

Израиль үкіметі отырысында премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Ливанмен тікелей бейбіт келіссөзді "мүмкіндігінше қысқа мерзімде" бастауды тапсырды, деп мәлімдеді оның кеңсесі.

Хабарламада келіссөзде Иранды қолдайтын шииттік "Хезболла" тобын (АҚШ пен Израиль террористік ұйым деп таныған, алайда Ливанда заңды саяси күш ретінде әрекет етеді) қарусыздандыру және Израиль мен Ливан арасындағы бейбіт қатынастарды реттеу мәселелері назарға алынатыны айтылған.

Reuters агенттігінің жазуынша, бұған дейін Ливан президенті Жозеф Аун "Ливандағы жағдайды шешудің жалғыз жолы — Израиль мен Ливан арасында атысты тоқтату, содан кейін екі тараптың тікелей келіссөзі" екенін айтқан. Ол бұл мәселені дипломатиялық жолмен шешу мақсатында жұмыс істеп жатқанын жеткізген.

Axios басылымы дереккөзге сүйеніп, Израиль мен Ливан арасындағы тікелей келіссөз келесі аптада Вашингтонда басталатынын хабарлады. Алайда әзірге атысты тоқтату режимі енгізілген жоқ.

Осы аптаның басында АҚШ пен Иран атысты екі аптаға тоқтатуға келіскенін жариялаған. АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы қалпына келсе, Иранға шабуылды тоқтатуға дайын екенін мәлімдеген. Израиль бұл шешімді қолдағанымен, бітім шарты Ливанға жүрмейді деді. Осыдан кейін Тегеран АҚШ-қа, егер Израиль "Хезболлаға" қарсы операцияны жалғастырса, атысты тоқтатудан бас тартуы мүмкін екенін айтқан.

  • Израиль "Хезболла" нысандарына шабуылды наурыздың басында осы топтың мүшелері Израиль аумағын атқылай бастағаннан кейін қайта жандандырды. 9 наурызда Израильдің қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Ливанның оңтүстігінде "алдыңғы қорғаныс шептерін күшейту" және Израильдің солтүстігіндегі тұрғындарды қорғау мақсатында "құрлықтағы шектеулі операцияны" бастады.
  • Ливан билігінің мәліметінше, Израиль шабуылдарынан шамамен 1700 адам қаза тауып, 1 миллионнан астам адам үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған. Reuters дереккөздері "Хезболла" тобының кемінде 400 мүшесі өлген деп хабарлады.