Мадуро Нью-Йоркке жеткізілді. АҚШ-тың әрекетін сынағандар мен қолдағандар да бар

Николас Мадуро мен оның әйелі отырған көлік. 3 қаңтар 2025 жыл.

АҚШ әскерінің ауқымды операциясы кезінде ұсталған Николас Мадуро Нью-Йоркке жеткізілді. АҚШ-тың операциясын Иран, Ресей және Венесуэланың өзге де одақтастары айыптады, ал шетелде жүрген венесуэлалықтар қолдады.

Американың ақпарат құралдары 3 қаңтарда АҚШ қауіпсіздік күштері қадағалауындағы ұшақ Нью-Йорктің солтүстік-батысынан шамамен 100 шақырым жердегі Стюарт халықаралық әуежайына қонғанын көрсетті.

Ақпарат құралдары сол ұшақпен әкелінген адам Венесуэланы 2013 жылдан бері басқарған, бірақ АҚШ 2020 жылы есірткіге қатысы бар деп айыптаған Мадуро екенін жазды.

АҚШ президенті Дональд Трамп мен АҚШ-тың өзге де ресми тұлғалары 3 қаңтарда өткізген баспасөз жиыны кезінде Мадуроны ұстау операциясын сипаттап, билік "қауіпсіз әрі ақылға қонымды түрде" ауыспайынша АҚШ Венесуэланы уақытша "басқара беретінін" айтты.

Дегенмен Трамптың АҚШ "елді уақытша басқарады" деуі нақты нені білдіретіні түсініксіз. Трамп журналистерге өз кабинетінен Венесуэладағы жағдайға жауапты тұлғаларды "тағайындайтынын" айтты, бірақ жай-жапсарына тоқталған жоқ.

"Бұл өте сәтті операция Американың егемендігіне немесе америкалықтардың өміріне қатер төндіретіндерге сабақ болуы керек" деді Трамп.

Американың жоғары лауазымды генералының сөзінше, операция бірнеше ай бойы әзірленген және оған 150 америкалық ұшақ қатысқан.

Венесуэла вице-президенті билікті қолға алғанға ұқсайды

Мадуроның ең жақын көмекшілері Венесуэла билігінде қалып отыр, олардың бірі және бірегейі – вице-президент Делси Родригес.

Трамп Родригесті қолдап, "біздің ойымызша, ол Венесуэланы қуатты елге айналдыруға қажет әрекеттерді жасауға дайын" деді.

Алайда Родригестің өзі Мадуроны босатуды талап етіп, елді "қорғауға" уәде берді.

Венесуэладағы оппозиция тұлғаларының жағдайы да белгісіз. Арасында АҚШ қолдайтын Нобельдің Бейбітшілік жөніндегі сыйлығының биылғы иегері Мария Корина Мачадо да бар. Ол әлеуметтік желіде "венесуэлалықтар үшін еркіндік сәті туды" деп мәлімдеді.

Колумбияда Мадуроның ұсталуын тойлап жатқан венесуэлалықтар. 3 қаңтар 2025 жыл.

АҚШ бас прокуроры Пэм Бондидің айтуынша, Николас Мадуро мен оның әйеліне Нью-Йоркте есірткі саудасына қатысты айыптар тағылады.

АҚШ-тың Венесуэлаға соққысы мен Мадуроның ұсталуын Каракастың бірқатар одақтастары және БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерреш айыптады. Гутерреш АҚШ-тың әскери қимылы "қауіпті прецедент" тудырып отыр деп мәлімдеді.

Ақпарат құралдарының жазуынша, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 5 қаңтарда сағат 10-да АҚШ әрекетін талқылайды. Шұғыл отырыс өткізуге Колумбия өтініш білдірген. Оны Ресей мен Қытай қолдаған.

Каракастың одақтастары Ресей мен Иран операцияны айыптады

Венесуэланың жақын одақтастарының бірі Мәскеу Мадуро мен әйелінің елден ұстап әкетілуіне "қатты алаңдаушылық" білдіріп, АҚШ-тан оларды босатуды талап етті.

Венесуэланың тағы бір одақтасы Иран АҚШ-тың әскери операциясын айыптап, бұл Венесуэланың егемендігі мен территориялық тұтастығына нұқсан келтіріп, БҰҰ жарғысына да қайшы екенін алға тартты.

Дегенмен Латын Америка елдері мен Испания қалаларында Мадуроның ұсталуына қуанып, тойлап жатқан венесуэлалықтар да бар.

"Біз азатпыз. Диктатураның құлап, еркін елге айналғанымызға қуаныштымыз" деп Reuters агенттігі Чилиде жеті жылдан бері тұрып келе жатқан Венесуэла азаматы Хати Янездің сөзінен үзінді келтіреді.

Перу астанасы Лимада тұратын мигрант Милагрос Ортага енді еліне оралуға үміт білдірді. Оның ата-анасы қазір Венесуэлада тұрады.

"Әкемнің Николас Мадуро режимінің құлағанына куә болуы мені қатты тебірентеді. Оның қандай күйде екенін көргім келеді" деді ол.

Вашингтонның кейбір одақтастары алаңдап отыр

Вашингтонның көптеген одақтасы Мадуро мен оның режиміне қарсы болса да, халықаралық құқыққа бағыну қажеттілігін алға тартып отыр.

Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер "біз Мадуроны заңды президент деп санамаймыз және оның режимінің құлағанына мүлде қапаланбаймыз" деді, бірақ "бүгін таңертең халықаралық құқықты қолдайтынымды тағы растадым" деп мәлімдеді.

Франция "АҚШ соққысы халықаралық құқыққа қайшы және Венесуэладағы дағдарысты сыртқы ойышылар шеше алмайды" деп мәлімдеді. Германия канцлері Фридрих Мерцтің айтуынша, Мадуро режимі "Венесуэланың түбіне жеткен". Ол АҚШ-тың әрекетін заңнамалық тұрғыда "күрделі" деп атады.

Ал Италияның премьері Джорджа Мелони АҚШ-тың қимылын "заңды" әрі "ақтауға тұрарлық әрекет" деп атады.

Украина, Солтүстік Македония, Албания, Косово соққыдан кейін Вашингтонды қолдайтынын айтты.

АҚШ-тың әскери қимылы Вашингтонның Каракасқа айлар бойғы экономикалық және әскери қысымынан кейін жүргізіліп отыр. Бұған дейін АҚШ сақшылары венесуэлалық мұнай танкерлерін ұстап, есірткі тасымалдады деп күдікке ілінген венесуэлалық қайыққа да соққы жасаған, соның салдарынан ондаған адам қаза болған.

Вашингтон сонымен бірге 2013 жылдан бері билікке келген Мадуроны елдің заңды президенті деп санамайды. Бұған дейін оппозиция елдегі сайлау нәтижелерінің бұрмаланғанын айтқан.