Нұрасыл Медеу Азаттық зерттеуінде айтылған екі оқу орнының бірін мемлекетке өткізетінін мәлімдеді

Президенттің жиеншары 23 жастағы Нұрасыл Медеу (оң жақта) Қазақ ұлттық спорт университетіндегі (KNUS) жиында. 17 қазан 2026 жыл. Сурет Қазақ ұлттық спорт университетінің ресми сайтынан алынған.

Президенттің туысы Нұрасыл Медеу Азаттық зерттеуінде айтылған екі оқу орнының бірін мемлекетке өткізетінін мәлімдеді. Президенттің жиеншарының Қазақ ұлттық спорт университетін (KNUS) мемлекетке "өтеусіз беру жөнінде шешім қабылдағаны" жөнінде ақпарат сенбі, 17 қазанда университеттің ресми сайтында жарияланды.

Сайттың жазуынша, Нұрасыл Медеу оқу орнында өткен салтанатты жиын кезінде "кез келген алыпқашпа әңгімеге нүкте қойғым келеді. Бұл – сату да емес, сенімгерлік басқаруға беру де емес, мәжбүрлі түрде жасалған қадам да емес" деп айтқан.

Ол "студенттер алдындағы барлық міндеттеме толық көлемде сақталатынын", "бұрын тағайындалған құрылтайшы гранттары бойынша міндеттемелер де" орындалатынын айтқан.

"Оның [Нұрасыл Медеу – ред.] айтуынша, студенттердің оқу мерзімі аяқталғанға дейін гранттарын толық қаржыландыруға қажетті қаражат университеттің есепшотына орналастырылған. Сондай-ақ тиісті міндеттемелер заң жүзінде бекітіледі" деп жазылған сайтта.

Мұндай ақпарат Азаттықта жарияланған зерттеуден бір күн өткеннен кейін жарияланып отыр. Зерттеуде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиені, құрылтай депутаты Дана Медеуованың ұлы 23 жастағы Нұрасыл Медеудің мемлекет қолдауына ие екі оқу орнына — Жасанды интеллект ұлттық зерттеу университеті мен Қазақ ұлттық спорт университетіне — иелік ететіні айтылады. Екі университеттің де 95 пайыз үлесі Медеуге тиесілі, ал қалған 5 пайызы мемлекеттік компаниялардың еншісінде. Зерттеу авторлары оқу орындарының мемлекеттік инфрақұрылым мен қолдауды пайдалануына байланысты ықтимал мүдделер қақтығысы туралы сұрақ көтереді. Нұрасыл Медеу бұл жетістікке "командасының көмегімен" жеткенін, өзіне ешқандай "артықшылықтар берілмейтінін", ал университеттердің инфрақұрылымы мемлекет меншігінде қалатынын айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Мемлекет қолдауына ие екі оқу орнының қожайыны кім? Зерттеу