Оман маңындағы теңіздегі мұнай дағы 1700 шаршы шақырымға жетті

Спутниктен түсірілген суреттен танкерден теңізге төгілген мұнайдың Оман жағалауына дейін жайылып кеткенін көруге болады

Оман жағалауында Ресейдің "тасадағы флоты" құрамындағы "Каролина Безенджи" танкерінен бірнеше апта бойы теңізге ағып жатқан мұнай ластаған аумақ 1700 шаршы шақырымға жеткен. Greenpeace ұйымы Халаният аралдары маңының спутниктен түсірілген суреттерін талдап, осындай қорытындыға келгенін экологиялық ұйым өкілі "Настоящее время" арнасына айтты. Танкер шілде айының бірінші жартысында қайранға шөгіп қалған еді.

Экологтар дерегінше, 26 шілде күні аумағы небәрі 45 шаршы шақырым болған мұнай дағының көлемі күн сайын ұлғайып, 4 тамызда 600 шаршы шақырымға, ал 13 тамызда 1700 шаршы шақырымға жеткен. Қазір мұнай дағы Оманның Рас-Мадрака жағалауына жақындап, танкер тұрған тұстан солтүстікке қарай шамамен 200 шақырымға дейін жайылған.

"Халаният аралдарындағы маржан рифтеріне, теңіз өсімдіктері өсетін аймақтарға және жағалаудағы экожүйелерге қауіп төніп тұр. Бұл аумақтар сирек кездесетін теңіз тасбақаларының, теңіз жыл құстарының және сүтқоректі теңіз жануарларының мекені саналады", – деді Greenpeace MENA ұйымының саяси науқандар жөніндегі жетекшісі Ханен Кескес.

Оманның қоршаған ортаны қорғау қызметтері мұнайдың әрі қарай таралуын тоқтатуға және табиғатқа әсерін азайтуға тырысып жатыр деп жазды Muscat Daily басылымы сол елдің ресми орындарының мәліметіне сүйеніп. Ол деректерде теңізде тараған мұнай Рас-Мадрака жағажайлары мен Масира аралы жағалауының бір бөлігіне жеткені айтылған.

Камерун туын іліп алып, Ресейден Үндістанға шамамен 110 мың тонна шикі мұнай апара жатқан "Каролина Безенджи" танкері шілде айының басында Оман шығанағында зақымданғанын хабарлаған. Reuters мәліметінше, кеме бортында бір немесе бірнеше жарылыс болған. Танкерге шабуыл жасалғаны туралы ақпарат түскен жоқ. Ресейдің "тасадағы флотымен" байланысы болғандықтан бұл кеме Еуроодақ, Ұлыбритания және АҚШ санкцияларына іліккен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Медиа: Ресейден Үндістанға теңіз жолымен мұнай жеткізу бағасы 50 пайыз өскенReuters: Ресей Үндістаннан бензин сатып алмақҰлыбритания Ла-Маншта Ресейдің "тасадағы флотының" танкерін ұстады