Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев оппозициялық белсенді әрі марафоншы Марат Жыланбаев өз өтініші бойынша жеке камерада отыр деп мәлімдеді. Омбудсмен мұны Астанада өткен конференция аясында Ulysmedia.kz тілшісіне айтқан.
Журналист Варшавадағы ЕҚЫҰ конференциясында құқық қорғаушылар қамауда отырған Жыланбаевтың жағдайы мүшкіл екенін, адвокаттары белсендімен кездесе алмай жүргеніне бір жыл болғанын мәлімдегенін еске салып, сұрақ қойған.
Ластаев қазір Ақмола облысы Степногорск қаласындағы қамау мекемесінде жеті жылдық жазасын өтеп жатқан Жыланбаевқа бірнеше рет барғанын, кейінгі жолы онымен биыл қаңтарда кездескенін, белсенді шағым жасамағанын айтқан.
Қазақстан омбудсмені Артур Ластаев
– Онымен кездескен кезде жеке камерада отырған еді. Өзі мұны арықтауына байланысты екенін ашық айтты. Бұл ол үшін маңызды, өйткені марафонға дайындалып жүр. "Бостандыққа шыққанда өз рекордымды жаңартуым керек" деді ол. Адам арықтаған кезде белгілі бір процестер жүреді, сол уақытта жалғыз болғаны дұрыс, оған осылай тыныштырақ. Ол өзіне қатыгездік көрсетілгені туралы ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ, – деген Ластаев.
Ал адвокаттардың Жыланбаевпен кездесуіне неліктен рұқсат етілмегені жайлы сұраққа Ластаев әзірше түсінік бере алмаймын деп жауап қатқан.
Осы айдың басында Варшавада өткен ЕҚЫҰ-ның Адам өлшемдері жөніндегі конференциясында Қазақстаннан барған құқық қорғаушылар Марат Жыланбаевтың қатаң жағдайда қамауда отырғанын, адвокаттар бірнеше рет талпынғанымен, мекеме әкімшілігі онымен жолықтырудан бас тартқанын мәлімдеген. Жыланбаевпен ұзақ мерзімді кездесуге рұқсат ала алмай жүрген туыстары бұған дейін оның денсаулығына алаңдайтынын айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қоғамдық бақылау комиссия өкілдерінің Жыланбаевқа кіріп шыққаны хабарландыБиыл ақпанда қамаудағы Жыланбаевқа кіріп шыққан Ақмола облыстық қоғамдық комиссия мүшелері "мекеменің ішкі ережелерін бұзуға байланысты тәртіп изоляторында отырған Жыланбаев өзінің конституциялық құқықтары бұзылғандықтан аштық жариялағанын айтқанын" хабарлаған. Комиссия жаза өтеуші тұрмыс жағдайына байланысты арыз-шағым айтқан жоқ деген. Қоғамдық комиссия өкілдерінің жауабын "Белсенділер экстремист емес" тобы жариялады.
- 63 жастағы Марат Жыланбаев – Гиннестің рекордтар кітабына енген жеті рекордтың иегері атанған ультрамарафоншы ретінде көпке танылған. Ол тіркелмеген оппозициялық "Алға, Қазақстан!" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі болған. 2023 жылдың көктемінде белсенді қамауға алынып, оның ісін жабық қараған Астана соты сол жылы қарашада Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша жеті жылға бостандығынан айырған.
- Соттың ұйғарымы бойынша Жыланбаев: "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы экстремистік ұйым деп танылғанын біле тұра Астана қаласы аумағында "ҚДТ" ұйымының қызметіне белсенді түрде араласып, Мұхтар Әблязов ұйымдастырған заңсыз митингілерге қатысқан. Сонымен қатар, Әблязов пен және оның шетелдегі штабымен байланыс орнатып, олардың Конституциялық құрылымды күштеп өзгертуді көздейтін тапсырмаларын орындаған. 2021 жылы Жыланбаев М.Т. қоғамға қауіпті салдарды түсіне отырып, Әблязовтың тапсырмасын орындап, Астана қаласындағы Республика даңғылында орналасқан ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке келіп, "ҚДТ" ұйымының қызметін насихаттаған. 2022-2023 жылдары Жыланбаев М.Т. "ҚДТ" қызметінің экстремистік сипатын біле тұра, басқа адамдармен сөз байласып, оған ақпараттық, қаржылай және өзге де көмек көрсеткен. Әлеуметтік желіде ұйымды қаржыландыруға және оған қосылуға шақырған". Сот оны қоғамнан оқшаулап қана түзетуге болады деген ұйғарымға келген.
- Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптарды саяси астары бар деп жоққа шығарды.
- Қамауда жатқан Марат Жыланбаев өзіне шығарылған үкімге наразылық білдіріп бірнеше рет аштық жариялаған. 2025 жылы тамызда оның адвокаты Мейіржан Досқараев жұртқа түрмедегі белсендінің "емделу үшін" аштық жариялағанын айтып жүрген омбудсменнің өкілдерінің сөзін Жыланбаев жалған деп атап, жоққа шығарғанын көпшілікке жеткізген. Адвокаттары мен құқық қорғаушылар белсендінің денсаулығы нашарлағанына алаңдап, биліктен оны ауруханаға жатқызуды талап еткен. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті Жыланбаевтың денсаулық жағдайы "қанағаттанарлық" деп мәлімдеген.
- 2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент 2019 жылы наурызда қабылдаған қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.
- Қазақстандық құқық қорғаушылар биліктің саясатын қатты сынайтын Марат Жыланбаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.