16 мыңнан астам қазақстандық өмірден өткен жағдайда донор болуға келісім берген

Қазақстанда электрондық үкімет порталында арнайы сервис іске қосылғалы бері 16 109 адам өзі қайтыс болған жағдайда дене мүшесін донор ретінде өзге адамға салуға келісім берген. Ал 156 174 адам ондай келісім беруден бас тартқан деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.

Министрлік дерегінше, биылғы жылдың алғашқы жартысында елде 150 мүше ауыстыру отасы жасалған. Оның ішінде ең көп ауыстырылғаны – бүйрек (108 ота). Сонымен қатар дәрігерлер 31 бауырды, 5 жүректі, 2 өкпені және көздің 4 мөлдір қабығын өзге адамға ауыстырып салған.

Оталардың басым бөлігінде, яғни 121-інде дене мүшесі көзі тірі донордан алынса, қалған 29-ында қайтыс болған адамның мүшелері (бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе және мөлдір қабық) тірі адамға ауыстырып салынған.

Егер 2023 жылы Қазақстанда қайтыс болғаннан кейін дене мүшесін пайдалануға келісім берген 49 донор тіркелген болса, 2024 жылы олардың саны 86-ға, ал 2025 жылы 186-ға жетіп, алдыңғы жылдармен салыстырғанда үш еседен астам өскен.

Ал іске асырылған донор процестеріне келсек, 2024 жылы небәрі 6 рет қана болса, 2025 жылы олардың саны 18-ге жеткен, нәтижесінде дәрігерлер 68 трансплантация жасап, өмірлік маңызы бар мүшелерді алмастырды. Бұл азаматтардың трансплантация жүйесіне деген сенімі артып келе жатқанын көрсетеді дейді министрлік.

Биылғы жылдың бірінші жартысында қайтыс болған 108 адам донор болуға әлеуетті екені анықталған. Соның ішінде жеті жағдайда донордың бірнеше мүшесі бірден алынып, кейін трансплантация жасалған.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 21 мамырдағы жағдай бойынша, трансплантация кезегінде тұрған 4739 науқас тіркелген, оның 125-і – бала. Бұлардың ішінде 4208 адам бүйрегін, 293 адам бауырын, 208 адам жүрегін, 30 адам өкпесін, ал 5 науқас жүрек-өкпесін ауыстыруға мұқтаж.

Министрлік мәліметінше, кейінгі бес жылда Қазақстанда адамның дене мүшесін ауыстырып салу отасы шамамен 1500 рет жасалыпты. Соның әр төртіншісі 2025 жылы жасалған екен. Былтыр дәрігерлер 310 ота жасап, науқастарға донорлық бүйрек, бауыр, жүрек пен өкпе ауыстырып салған.

2026 жылы елде алғаш рет балаға донор жүрегін салу сәтті өткен, министрлік мұны жоғары технологиялық медициналық көмектің даму жолындағы жаңа кезең деп атаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Бүйрек бар, дәрігер жоқ". Шымкентте науқастар дәрігер-трансплантологты қайтаруды талап еттіАқтөбе соты бүйрегін сатпақ болған адамның бостандығын бір жылға шектедіҚазақстандықтардың өлгеннен кейін донор болудан қорқуының себебі не?Нұр-Сұлтан соты "заңсыз ағза ауыстырды" деп айыпталған екі дәрігерді ақтадыДосқалиев: Қайтыс болған адам органдарын трансплантациялау күрт азайды